Маңғыстауда жазаны өтеу шарттарын бұзған сотталған бас бостандығынан айырылды.
1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін Маңғыстау облысында “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Қарақия ауданында рейдтерге аудандық пробация қызметінің мамандары мен учаскелік полиция инспекторлары қатысуда. Шараның мақсаты – сотталғандардың заң талаптарын және сот белгілеген шарттарды сақтауын қадағалау. Тексеру барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Кейбір есептегі сотталғандарға ескерту беріліп, бірнеше рет тәртіп бұзған жағдайда олардың қайтадан бас бостандығынан айыру орындарына жіберілетіні түсіндірілді.
Мәселен, Қарақия ауданының 37 жастағы тұрғыны ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша ұрлық жасағаны үшін 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған. Алайда ол жазаны өтеу шарттарын бірнеше рет бұзған: тұрғылықты мекенжайында болмаған, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған және ауыл аумағынан рұқсатсыз шығып кеткен. Осыған байланысты пробация қызметкерлері сотқа жаза түрін ауыстыру туралы ұсыныс енгізді. Сот шешімімен ол жазасының қалған бөлігін өтеу үшін бас бостандығынан айыру мекемесіне жіберілді. Пробация қызметі бөлімінің бастығы Гүлжан Исмаилованың айтуынша, мұндай тексерулер сотталғандарды бақылауда ұстап, жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстың қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді.