$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматы облысында төтенше жағдай жарияланды

Алматы облысында  төтенше жағдай жарияланды

Алматы облысында  төтенше жағдай жарияланды. Қоқыс полигонындағы  өрт сөндірілгенімен, от қызуының күші әлі басылар емес.  Дәл қазір ол жерде 300 маман мен 100-ден астам техника жұмыс істеуде.  Жақын маңдағы ауыл мектептері онлайн режимге  ауыстырылды. Толығырақ тілшіміз  Жомарт Түзелбай жеткізеді.  

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Алатау аймағындағы алапат өрт төрт  күннен бері лаулап тұр.Көріп тұрғандарыңыздай қалың қара түтін аспанды торлап, ауаны улап жатыр. Мұнда тыныстап тұру мүмкін емес. Экологтар ауаға ең күшті  улы заттар тарағанын хабарлады. Жалынның ошағы он метрден аса тереңдікте жатқандықтан ауыздықтау қиынға соғуда.

Қоқыс полигонының 15 гектарын өрт шарпығандықтан жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. . Жақын маңдағы ауыл мектептері онлайн режимге ауыстырылды.

АРДАГЕР АҚЖІГІТОВ, АЛАТАУ ҚАЛАСЫ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Әкімдік тарапынан бірден осы жерде шұғыл лагерь ұйымдастырылды. Қазіргі таңда мына келген жұмылдырылған қызметкерлерді тамақтандыру сол сияқты жанар жағармай мен техникамен қамтамасыз ету сияқты жұмыстар атқарылып жатыр.

Қалың түтінге тұрғындар тұншығып отыр.  Алматы қаласында да күйік иісі   сезіледі. Экологтар 288 сынама алып, оның бір бөлігінде зиянды заттардың шамадан  асқанын анықтады.

ЕРЛАН ТҰРАГЕЛДИЕВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінгі таңда біз қосымша күштер тарттық. Жеке құрам тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, тамақтану тікелей жұмыс орындарында ұйымдастырылған. Өртті сөндірудің барлық шараларын жасап жатырмыз.

Өртті сөндіру жұмыстары үздіксіз жалғасуда.  Тұрғындарға  үйден шықпауға және терезелерді жабық ұстау туралы ескерту жасалды.