Атырауда “AMANAT” партиясы жанындағы өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңес мүшелері жол құрылысын сынға алды. Олар құрылыс жүріп жатқан алаңға барып, мердігер компания өкілдерімен кездесті. Бұл - шаһарға кіреберіс жол. 11 млрд теңгеге 6,4 шақырым жол адам танымастай өзгереді. Көпір жаңадан салынып, жол 4 жолаққа айналады. Бірақ құрылыс жұмысы тым сылбыр,- дейді кеңес мүшелері.
АҚЫЛБЕК ҚҰЛБАРАҚОВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ АОФ ЖАНЫНДАҒЫ ӨҢІРЛІК ДАМУ ЖӨНІНДЕГІ АЙМАҚТЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жолдарды жасап жатыр, бірақ та тиісті деңгейде жолға су шашылып жатқан жоқ. Және де көріп отырмыз жұмыстарың көлемі көп пе, техникаларда да өте қатты бір үлкен деңгейде жұмыс жасалып жатқан жоқ. 27 айға 27 жылдың аяғына дейтін деп берілген. 26 жылдың аяғына дейін бітіріп береміз деп өз сөздерін айтып отыр. Партия жағынан да, мәслихат жағынан да қадағалауға аламыз.
Аймақтық кеңес отырысында мамандар жол құрылысына қатысты бірқатар кемшілікті тізбектеді. Айтуларынша құрылыс материалдарының өзге облыстардан тасымалдануы жобаның қымбаттауына, тіпті кейде кестеден кешігуіне әкеледі. Сондай-ақ уақытында жол белгісі мен таңбаның, орнатылмауы жол көлік оқиғасына әкеліп жатыр.
АБЗАЛ ОЛЖАБАЕВ, “ҚАЗАВТОЖОЛ” ҰК АҚ АОФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Аймақтағы жол салуға қатысты жобаларды жүзеге асыруға инерттік материалдардың жетіспеушілігі кедергі келтіріп отыр. Құрылыс материалдары көршілес Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан тасымалданады. Доссор мен Астрахань трассасын қосатын жолды салуда, Доссор-Құлсары, Мұқыр-Құлсары тас жолының орташа жөндеу жұмыстарында осы проблема кездесті. Кей кезде осыған байланысты уақытынан кешігіп жататын кездері болады. Қазір Қазақстан темір жолы мамандарымен сөйлесіп, шешіп жатырмыз.