Тілсіз жау күндізгі 12-лер шамасында тұтанған. Өрт үш қабатты ғимараттың екінші қабатындағы киім сататын дүңгіршектен шыққан дейді өрт сөндірушілер. Мамандардың мәліметінше, өрт басталған сәтте ғимарат ішінде адам болған. Үшінші қабаттағы фитнес залда жаттығып жатқандар терезеден шыққан көрінеді. Төтеншеліктер бес адамды құтқарды. Біреуіойын-сауық орталығының шатырынан шығарылса, екіншісі арнайы сатының көмегімен екінші қабаттағы терезеден түсірілді. Тағы үш адамды өрт сөндірушілер іштен алып шықты. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өртенген аумақтың жалпы көлемі 270 шаршы метр.
БЕКЗАТ ҚАМБАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Өртке департамент тарапынан 24 бірлік техника және де 90 адам қызметкер қатысты. Екінші қабат өртенгенмен үшінші қабатта қатты қою түтін болған. +Өрттің себебін біздің анықтаушылар анықтайтын болады.
Қазір түтінге тұншыққан 6 адам қалалық Гипербариялық оксигенация орталығына жатқызылды. Бір науқастың жағдайының ауырлығына байланысты жансақтау бөліміне ауыстырылған. Тағы үш адам орта дәрежелі улану белгілерімен токсикология бөлімінде ем қабылдауда. Екі науқаста жеңіл дәрежелі улану белгілері болғандықтан, алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық жағдайда ем алуға жолданды дейді дәрігерлер.