Бүгін оралдық студенттер мен оқытушылар бір күнге көліктен бас тартты. Білім ошағына жаяу жеткен олар техникадан тарайтын зиянды газдарды азайтуға сеп болуды көздейді. Әлемдік тазалық күніне осылай ат салысқан оралдықтардың игі бастамасы туралы тілшіміздің материалында.
Күн сайын көлік лық толатын оқу орнының автотұрағы қазір қаңырап бос тұр. Оқытушылар мен студенттер темір тұлпарын бүгін үйінде қалдырыпты. Бірақ бір күн жаяу жүргеннен гөрі, жыл он екі ай бойы белесебет тепкенді құп көргендер де бар. Өйткені шайтан арба - денсаулыққа пайдалы әрі жанармайға шығындалмайсыз.
АЯГӨЗ САПАРОВА М. ӨТЕМІСҰЛЫ АТЫНДАҒЫ БҚУ ОҚЫТУШЫСЫ:
Автобуспен, машинамен жүргенде көбіне кептеліске тұрып қаламыз. Өйткені таңертең сағат сегізден басталады ғой кептелістер, кешкі сағат алтыда да кептелісте тұрып қалуың мүмкін. Сол үшін велосипедпен тез жетемін, бес минутта жетемін. Автобусты да күтетін болсам, қарапайым төрт аялдамалық жер ғой. Соның өзіне кейде бір жарты сағатың кетіп қалады. Балаларымды балабақшаға апарамын. Біреуін алдыма, біреуін артыма салып аламын. Кейде жолдасым екеуміз бірге апарамыз. Барлық шаруаны осы қызыл велосипед бітіреді.
Өзге оқу орындары мен жергілікті кәсіпорындар бұл игі бастаманы іліп әкетіп, жүздеген ерікті қаланың шет жағын тазалауға кірісті. Әсіресе саяжайлар шоғырланған аумақ, тоғайдың іші, сай-сала түрлі тұрмыстық қалдыққа толы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоршаған ортаны осылай қорлағандардың кесірінен табиғатқа тиер зиян орасан.
СЫРЫМ ТІЛЕГЕНОВ, БҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Экологиялық мәдениеттің төмендігі деп есептейміз. Өкінішке қарай айналамызда көптеген орындар анықталып жатыр осындай қоқыспен ластанып жатқан. Табиғатқа шығып, таза табиғатты аялаймыз деп шығып келіп, өзінің ішіп отырған, жеп кеткен ыдыс-аяғын тастамай алып кетуге кейбір адамдардың ақылы, сана-сезімі жетпейді.
АҚЖІБЕК БӨЛЕКОВА, ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Қаланың ең лас жеріне келіп, осыны тазалап, қоқыстарды жинап, біздің қаламыз көркейсе деп келіп отырмыз бүгін. Бірақ тұрғындар өзінің орнын жинап жүрсе, біздің қала да әрдайым көркейеді деп есептейміз.
Дүниежүзілік тазалық күнін ерекше атап өтетін әлемнің 200-дей елінің қатарында оралдықтар да осылай өз үлесін қосты.