$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда жас шахматшылар арасындағы әлем чемпионаты басталды

Алматыда жас шахматшылар арасындағы әлем чемпионаты басталды

Әлемнің жас шахматшылары Алматыға жиналды. Балуан Шолақ атындағы спорт және концерт кешенінде шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты FIDE World Cadet Chess Championships 2025 басталды. Жарысқа дүниежүзінің 88 елінен 6 мен 12 жас аралығындағы 851 ойыншы қатысып жатыр. Бұл  – турнир тарихындағы рекорд.

Чемпионат 19–30 қыркүйек аралығында швейцар жүйесі бойынша 11 турдан өтеді. Ойын форматы – 90 минут қосымша әр жүріске 30 секунд беріледі. Шахматшылар үшін  арнайы демалыс әрі мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, Шымбұлаққа экскурсия жасалады.

ТИМУР ТУРЛОВ, ҚР ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – еліміз үшін тарихи сәт. Біз қонақтарды тек қонақжай ел ретінде ғана емес, әлемнің алдыңғы қатарлы шахмат державаларының бірі ретінде қарсы алып отырмыз.Қатысушылардың барлығына сәттілік тілейміз.

Қазақстан чемпионат иесі ретінде ең ірі құрамды шығарды – 231 жас шахматшы.  Жарыс ұлдар мен қыздар арасында алты жас санатында өтуде. Ең көп қатысушысы бар топ – 10 жасқа дейінгі ұлдар. Мұнда 187 ойыншы бақ сынайды.

ЖАНСАЯ ШОЛПАНБЕК, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Мен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионымын және Азияның чемпионымын. Мен 5 жастан бастап айналысамын. Осы әлем чемпионатына өте көп дайындалдым. Күніне 6 сағат, 7 сағат. Енді бәрі жақсы болады деп ойлаймын.

Жарыс барысында әлем чемпиондары мен жүлдегерлері анықталады. Алматыдағы бұл дода әлемдік шахмат күнтізбесіндегі ең ірі әрі тартысты жарыстардың біріне айналып отыр.