$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Үйіне қайтар жолды таба алмаған: Павлодарда алты жасар қыз табылды

20.09.2025ж. 14:44
Үйіне қайтар жолды таба алмаған: Павлодарда алты жасар қыз табылды

Оны үш сағат полицейлер, туысқандары, еріктілер іздеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласының полициясына анасы 6 жасар қызын іздеуге көмек сұрап жүгінді.

– Түстен кейін әжесімен бірге аулаға ойнауға шыққан. Ойынға беріліп кеткен бүлдіршін Қамзин көшесіне қарай кетіп қалған, әжесі қуып жете алмаған. Олар шамамен бір сағат бойы өздері іздеп көрген, бірақ нәтиже болмаған соң полицияға жүгінген. Полицейлер бірден қыздың қайда екенін анықтау мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын бастап, жақын маңдағы барлық аулаларды тексеріп, тұрғындардан сұрастырды. Іздеуге еріктілер де қосылды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінде.

Үш сағаттан кейін Сәтпаев пен Ломов көшелерінің қиылысында бүлдіршінді жолда кетіп бара жатқан адамдар тауып, полицияға хабар берген. Әңгіме барысында қыз адасып кеткенін және үйіне қайтар жолды таба алмай жүргенін айтқан. Үйін табуға тырысқан сайын өз тұратын жерінен алшақтап кеткен.

– Қызымды тапқан барлық азаматтарға және полицейлерге үлкен рақмет! – деді көзіне жас алған анасы.

Полиция департаменті еске салады: егер жалғыз жылап жүрген баланы көрсеніз, оны қараусыз қалдырмаңыз — сабырға шақырып, не болғанын абайлап анықтауға тырысыңыз. Балалар күйзеліске түскенде үндемей қалуы немесе анық сөйлемеуі мүмкін, сондай-ақ оларға бейтаныстармен сөйлеспеуді үйретуі ықтимал.

«102» жедел арнасына қоңырау шалып, бала тапқаныңызды хабарлаңыз. Маңыздысы — баланы тапқан жерден алып кетпеңіз, ата-анасы дәл сол жерге қайта келуі мүмкін.

Сауда орталығында, вокзалда, әуежайда немесе стадионда күзетке бірден жүгініп, дауыс зорайтқыш арқылы хабарлауды сұраңыз. Егер баланың жанында ата-анасының телефон нөмірі жазылған қағаз болса немесе өзі жаттап алған болса — қоңырау шалып, қайда екеніңізді айтып, күтіңіз. Бейжай қалмаңыз.

Айта кету керек, жыл басынан бері полиция шамамен 80 адасып кеткен баланы тапқан.