Әлемдегі ең үлкен түйе керуені Алматы облысы Іле ауданының Күрті ауылдық округінде жүріп өтті.
Керуен құрамына 1 000 түйе енгізіліп, олар арнайы дайындалған 1 шақырымдық жолды жүріп өтті. Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген болатын. Ол кезде тек 365 түйе қатысқан еді. Қазақстан бұл жетістікті үш еседен астам арттырып, әлем назарын өзіне аударды.
Іс-шараға Англиядан арнайы келген Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг қатысып, керуеннің әр қимылын қатаң бақылап отырды.
– Мен мұндай көлемдегі түйе керуенін бірінші рет көріп отырмын. Қазақстанның бұл жетістігі тек ұлттық мәдени мұра ғана емес, бүкіл әлемдік қазына ретінде бағалануы тиіс, - деді ол жетістік тіркелген сәтте.
Іс-шара барысында ұлттық нақыштағы 5 киіз үй тігіліп, қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Арнайы фудкорт аймағы жұмыс істеді. Сонымен қатар белгілі эстрада жұлдыздары мен өңір өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.