$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Павлодар облысы еліміздегі зиянды қалдықтың 30 пайызын шығарады

22.09.2025ж. 19:00
Павлодар облысы еліміздегі зиянды қалдықтың 30 пайызын шығарады

Павлодар облысы еліміздегі зиянды қалдықтың 30 пайызын шығарады. Өйткені, өндірісті өлкеде ірілі ұсақты 1000-нан астам кәсіпорын бар. Елдегі өндірілетін қазба байлықтың басым көпшілігі осы аймаққа тиесілі. Мәселен, алюминидің 100 пайызы, электр энергиясының 42 пайызы, көмірдің 60 пайызы, ферроқорытпа өндірісінің 58 пайызы өндіріледі. Сол себептен де экология мәселесі әлі де өзекті. Жыл сайын ауаға 700 тонна зиянды қалдық шығарылады. Бұл соңғы 3 жылда 4 жарым пайызға ғана азайған. Аталған мәселе Мәжілістің  экология мәселелері және табиғатты қорғау комитетінің көшпелі отырысында көтерілді.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Бұл жетістік экологиялық технологиялар мен мониторингтік жүйелерді енгізу арқасында қол жеткізілді. Атап айтқанда жылу және электр стансаларда металлургия зауыттарында гибридті сүзгілер орнатылып, Павлодар мұнай химия зауытында факельді газ жағу азайтылды. Ал «Богатыр» көмір компаниясында көмір өндіру кезеңінде шаңды басу жүйелері іске қосылды.

Зауыттарды аралаған депутаттар ауаның ластануына Екібастұздағы ГРЭС-1 мен ГРЭС-2  кәсіпорындары көп мөлшерде зиян келтіріп отырғанын айтады. Оларда заманауи бақылау сүзгілері орнатылмаған. Сол себепті күл тозаң ауаға тарайды.  Бұны алдағы уақытта жоғары жаққа жеткізіп шешу жолдарын қарастырмақ. Ал Павлодардағы екінші бір проблемалық  нысан Былқылдақ көлі. Бұл көлде ұзақ жылдан бері сынап жиналған. Сынап адам денсаулығына зиян келтіретін химиялық улы зат. Осы улы заттың тарап кетпеуін жергілікті билік біраз жылдан бері шеше алмай келеді.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұрынғы зауыттан концерватцияланған металдық сынапты утилизация жасау әлі шешімін таппаған. Біздер енді сол жердегі  мамандарға, жергілікті сонымен айналысатын басқармаларға айттық. Әлемде ондай технологияларды іздеу керек. Ол бар. Америкада бар. Қытайда бар, Еуропада бар. Солармен келіссөздер жүргізіп, солардың мамандарын әкеліп, әрі қарай қалай утилизация жасаймыз деген мәселені шешу керек.  Ол да біздің комитеттің ұсынымына енгізілетін болады Үкіметке.