Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламамен салынған үйде жол жөндейтін жұмысшылар тегін тұрып келген. Ақжар ауданының орталығындағы Талшық ауылында Еңбек бағдарламасының аясында 12 пәтерлік тұрғын үй бой көтерген. Алайда, прокурорлардың айтуынша жергілікті билік баспананың барлығын оңтүстіктен көшіп келген азаматтарға бермей, кейбір пәтерлерді өзінің жеке мақсатында қолданған. Мәселен, арнайы тексеріс кезінде екі қызметтік пәтерде 12 адамның тұрып жатқаны белгілі болды. Аталған азаматтар сол ауданда республикалық маңызы бар жолды жөндеп жатқан мердігерлік компанияның жұмысшылары болып шыққан. Прокуратура мамандары тексерістің нәтижесінде бұл істі облыстық тәртіптік кеңеске жолдаған. Айта кету керек, Ақжар ауданында бүгінде 178 адам пәтер кезегінде тұр.
ТАЛҒАТ ТӨЛЕГЕНОВ, СҚО АҚЖАР АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
Бұл мәселе аудандық прокуратура енгізген қадағалау актісінің негізінде облыстық тәртіптік кеңесте қаралып, Ақжар ауданы әкімінің орынбасары Киіккариноваға қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру ұйғарылды.