Елордада өтіп жатқан ауылшаруашылық жәрмеңкесінде баға қолжетімді, өнім сапалы. Еттен бастап, көкөніс, бал, балыққа дейін табуға болады. Шаруалар ала жаздай төккен терінің жемісін жұртшылыққа төмен бағада ұсынды.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қызып тұр. Осы жолы Абай және Атырау облыстарының шаруалары 400 тоннаға жуық өнім әкелді. Оның ішінде 140 тонна ет, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 70 тонна бал, балық, сүт өнімдері, не керектің бәрі бар. Баға базарға қарағанда төмен, өнім тікелей фермерден. Сондықтан да халық осында ағылып жатыр.
БЛИЦ:
- Халықтың көңілінен шығып жатыр ғой, бәрі жақсы. -керек заттарыңыздың бәрін ала алдыңыз ба? - Ала алдым, Семей деген Шығыс жақ деген жақсы ғой ол, еттері де дәмді.
- Керемет көңілден шықты. Бағасы да, сапасы да, барлығы жақсы. Атыраудың жәрмеңкесі керім енді. Балықтары тәп-тәтті. Сол үшін келдік сонау жақтан енді.
- Жақсы деп ойлаймын. Алдық керек затты. Рақмет онысына. Ярмарка бола берсін.
Фермерлер үшін де мұндай жәрмеңке өнімін делдалсыз өткізіп, халықпен тікелей жүздесудың жолы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат - нарықтағы бағаны тұрақтандыру, тұрғындарға сапалы әрі арзан азық-түлік жеткізу.
МАҚСАТ ЖАҢАБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жалпы 400 тоннадан астам өнім әкелінді. Бүгін өздеріңіз көріп тұрғандай халық көп. Баға ыңғайлы. Одан бөлек әр өңірдің өз ерекшеліктері бар. Абай облысының ерекшелігі өздеріңіз білесіздер - ет, сүт өнімдері, қымыз өнімдері. Атырау облысының ол - шұбат өнімі, балық өнімдері. Соның бәрі ұсынылуда.
Өңірлердің жәрмеңкелері Астанада қазан айының соңына дейін әр сенбі-жексенбі күндері өткізіледі. Биылғы сауда "Қазанат" ипподромының автотұрағында ұйымдастырылып жатыр. Келер аптаның демалыс күндері Алматы, Жетісу және Маңғыстау облысының шаруалары келіп, жұртшылыққа өз өнімдерін ұсынбақ.