Amazon компаниясы елімізді жылдам әрі арзан интернетпен қамтамасыз етеді. Тараптар келісімге келді. Бұдан бөлек америкалықтар бізге құны 4,2 млрд доллар болатын 300 локоматив құрастырып береді. Бұл - темір жол тарихындағы ең ірі келісім. Осылайша көлік-логистика секторындағы байланыс беки түспек. Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапарының екінші күнінде 20-ға жуық кездесу өткізді. Сүндет Оралбек рет-ретімен баяндап берсін.
Amazon Қазақстанға 200 млн доллар инвестиция салады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары аясында «Қазақтелеком» мен Amazon Kuiper арасында маңызды келісім жасалды. Тараптар Kuiper спутниктік жүйесі бойынша дистрибьюторлық әріптестік туралы құжатқа қол қойды. Бұл жоба Қазақстанда жоғары жылдамдықты әрі қолжетімді интернетті дамытуға жол ашады.
ДЭВИД ЗАПОЛЬСКИ, AMAZON КОМПАНИЯСЫНЫҢ АҒА ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Еліңіздің Үкіметімен және «Қазақтелеком» компаниясымен осы келісімге қол жеткізу жолында еңбек еткен барлық азаматтарға алғыс айтамын. Сіздің цифрлық технологияларды енгізу бастамаңызды қуаттаймыз. Бұл біздің Орталық Азиядағы алғашқы ірі және ең маңызды жобамыз. Мұны мақтан тұтамыз.
Логистикалық әлеует арта түседі. Әсіресе Орта дәлізге америкалықтардың қызығушылығы жоғары. Президенттің қабылдауында болған Cerberus Capital Management компаниясының бас атқарушы директоры ТрансКаспий көлік бағдарын дамыту әлеуетін жоғары бағалайтынын айтты. Мұндай ірі компаниялардың Орта дәлізге ықыласының аууы тек емес. Соңғы 5 жылда бұл бағыт арқылы тасымалданған жүк көлемі алты есе артқан.
ФРЭНК БРУНО, CERBERUS CAPITAL MANAGEMENT КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Қазақстанмен бірге Орта дәлізді дамыту әлеуетін, логистика және телекоммуникация салаларындағы мүмкіндіктерді жоғары бағалаймыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампппен де тілдесті. Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына ерекше назар аударылды. АҚШ президенті экономика және сауда салаларындағы ықпалдастықты кеңейтудің маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, көшбасшылар екіжақты ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Американың Сыртқы істер министрі мен Wabtec компаниясның өкілдерімен де кездесті. 4,2 млрд доллар болатын келісімге қол қойылды. АҚШ Қазақстанға 300 локоматив жасап береді.
ГОВАРД ЛАТНИК, АҚШ САУДА МИНИСТРІ:
Екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайту өзара сауда байланыстарын дамытуда негізгі рөл атқарады және маңызды минералдарды игеру саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз бұл бағытта бірлесіп инвестиция құя аламыз. Локомотив секторында Wabtec компаниясын таңдағандарыңызға қуаныштымыз. Бұл – екіжақты ықпалдастықтың негізі.
АҚШ Қазақстан экономикасына 100 млрд доллардан астам қаржы құйған. Қазір елімізде 630-дан астам америкалық бар.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
АҚШ-тың энергетика саласындағы басымдықтарына сәйкес, біз көмірге негізделген таза, тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз энергетикалық шешімдерді ұсынамыз. Қазақстанда қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады. Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі ретінде қарастырамыз, тым болмағанда таяу келешекте одан бас тартпаймыз.
Қазақстан Boeing компаниясымен ынтымақтастықты ілгерілетуге ниетті. Таяу жылдары Air Astana мен SCAT әуе компаниясы жаңа ұшақтар сатып алады. Көлік және логистика секторындағы мүмкіндіктерге тоқталған Мемлекет басшысы осылай деді. Сондай-ақ, америкалық компанияларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін орнықты ауыл шаруашылығын дамытуды, су ресурстарын үнемдеп пайдалануды және аталған саланы цифрландыруды көздейтін ортақ Агроинновациялық бағдарлама жасауды ұсынамыз.
Мемлекет басшысы қаржы секторы мен адами капиталды дамыту туралы да сөз қозғады. Жас буын көшбасшыларын қалыптастыру үшін америкалық университеттермен және зерттеу орталықтарымен бірлескен жобалардың аясын кеңейтуді ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалар, ашық және инвестицияға қолайлы саясат жүргізу ұстанымы америкалық компаниялардың Қазақстанда алаңсыз бизнес жүргізуіне кепілдік береді әрі олардың сенімді, ұзақ мерзімді серіктес болуына мүмкіндік жасайды.
Жиыннан соң Мемлекет басшысы АҚШ Сауда палатасының президентін, бірнеше ірі компаниялардың басшыларын қабылдады. БҰҰ Бас хатшысымен өткен кездесуде Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі туралы меморандумға қол қойылды. Артынша Черногрия Және Украина президенттерімен жүздесті. Бұдан бөлек, Еуропалық Кеңес Президенті мен FIFA президентімен келіссөз жүргізді.