«Азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу қажет». Үкімет басшысы жауаптыларға қатаң ескерту жасады. Енді сауда министрлігі әкімдіктермен бірге баға саясатын реттеу үшін қолдағы барлық құралдарды іске қосады. Бірінші кезекте үсті үстіне құн қосатын делдалдарды тәубесіне түсіру міндеті тұр. Бұл Бектеновтың бақылауында болады. Толығырақ әріптесім Аружан Задабек тарқатады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Ойға келген бағаны белгілеп, айды аспаннан бір-ақ шығаратын делдалдардың сайран салатын күні осымен бітті. Министрлік алтын көріп, жолдай тайғанданды тәубесіне түсіру үшін түрлі тәсіл ойлап тапқан. «Көзі тоймайтындарға тойып біттік» деген басшылар бағаны ретке келтірмейінше қыр соңынан қалмаймыз деп қыр көрсетті. Алдымен супермаркеттерде арзан ет сататын арнайы орын бекітпек. Үсті үстіне құн қосатындарды түп тамырымен жою үшін агромаркетплейс ашу жоспарланған.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін азайту жұмыстарының маңызды екенін атап өтті.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Былтыр біраз шу болған картопқа қатысты да шешім бар. Биыл мүлде қымбаттамайды деп уәде берді. Етке байланысты жағымды жаңалық жоқ емес. Кімде-кім негізсіз құн қосса айыппұл арқалайды. Керек болса, әкімшілік іс қозғалады. Қысқасы, енді бағамен ойнаймын дегендер от басып, опық жеуі мүмкін.
Енді сіз тауарын тым қымбатқа сатқан сатушыны көрсеңіз мына экранда көрсетілген номерге хабарласыңыз. Өзгені емес өзін ғана ойлайтындарға жауаптылар жетіп барып, жегенін желкесінен шығарамыз дейді. Жедел желі республика бойынша жұмыс істейді.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Көкөніс тобы тамыз айының басынан бастап картоп, сәбіз және пияз сияқты өнімдерге бағаның өсуін орта есеппен 2,5 есе төмендете алды. Тұз, жұмыртқа, картоп және күнбағыс майы бойынша отандық өндірушілермен жыл соңына дейін бағаны белгілеу жөнінде меморандумдар жасалды. Макарон өнімдері, ұн және күріш бойынша индекс көрсеткіші төмендеген.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Шаққалиев шаруаны ширату үшін біраз шара қабылдады. Оны баяндамасынан тыңдап, түсіндік. Министр одан бөлек өзі арзан ет алатын базарды да атады. Басшы өткен аптада сиыр етінің таза жіліктелген 1 келі бөлігін 4 200 теңгеге сатып алыпты.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қазақстан – аграрлы ел. Жері кең, өнімі мол, астығы тасып жатыр. Биылғы егін бітік шықты дейді. 24 миллион тонна астық жинау көзделген. Егер осы жоспар орындалса, бұл рекорд болмақ. Қазір ала жаздай еңбек еткен диқандар үшін маңызды кезең. Жұмыс қызып тұр.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
Қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Жалпы, биыл майлы дақыл тұқымының шамамен 4 млн тонна көлемінде рекордтық түсімі күтілуде. Сондай-ақ 1,8 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,2 млн тонна бақша өнімдері жиналды.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Биыл ауа райы тап бір ауыл шаруашылығына қырын қарағандай. Жаңбыр тоқтамайды, жел ұйытқып, қырау түседі. Қысқасы, алдағы күндер кей өңірлер үшін оңайға соқпайын деп тұр. Ал қазан айында мәселе тіптен күрделеніп, жауын-шашын 1 айға жалғасады деген болжам бар.
НҰРКЕН ШӘРБИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ВИЦЕ МИНИСТРІ
Еліміздің батыс, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы өңірлерінде бір ай бойы жиі жауын-шашын түсуі ықтимал. Айтылған болжамдарды ескере отырып, астық жинауға қолайлы кезеңдерді тиімді пайдалану қажет деп есептейміз.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Үкімет тарапынан егіс жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру үшін барлық қажет жағдай жасалды. Ауқымды қаражат бөлінді. Егін жинау үшін 700 млрд теңге жұмсалды. Енді алқап басындағы жұмыстарды уақтылы аяқтау керек. Шашпай-төкпей, ысырапсыз, қоқымына дейін қолға алу – басты міндет.