$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан мен Германия университеттерінің Консорциумы құрылады

23.09.2025ж. 21:33
Қазақстан мен Германия университеттерінің Консорциумы құрылады

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Ғылым және білім: Қазақстан мен Германияның серіктестігі» атты II Қазақстан-Германия апталығы салтанатты түрде өз жұмысын бастады.

Форум жұмысына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Онлайн-форматта сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың стратегиялық маңызына тоқталып, Германия университеттерінің индустрия болашағы үшін кадрлар даярлаудағы негізгі серіктес екенін ерекше атап өтті.

«Институттың құрылуы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің саяси еркі мен қолдауының арқасында мүмкін болды. 2024 жылы олардың ықпалымен бірлескен ғылыми және білім беру болашағымыздың берік іргетасы қаланды. Бүгін біз сол іргетастың жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашып отырғанын көріп отырмыз», – деді министр.

Министр өткен жылы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында ашылған Қазақстан-Германия ғылым және технологиялар институты еліміздің әлемдік білім және ғылым кеңістігіне ықпалдасуының нақты құралына айналғанын атап өтіп, мұндай орталықтарды, әсіресе аймақтық университеттер негізінде дамытуды министрлік әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Қонақтар қатарында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен, Қазақстан-Герман университетінің президенті Волрад Роммель, Германияның жетекші университеттерінің ғалымдары мен басшылары, сондай-ақ DAAD, DENA, Фридрих Эберт қоры, Конрад Аденауэр қоры, DFG, CASIB және Goethe-Institut өкілдері болды. Аймақтық серіктес кәсіпорындар – «Kazzinc», Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты және басқа да ұйымдар белсенді қатысты.

Апталықтың ашылуындағы маңызды оқиғалардың бірі Қазақстан мен Германия университеттерінің Консорциумына қол қою болды. Бұл жаңа академиялық алаңға Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, Қазақстан-Герман университеті, Фрайберг Тау-кен академиясы техникалық университеті, Бохум Рур университеті, Клаусталь техникалық университеті, Дортмунд техникалық университеті және Дуйсбург-Эссен университеті кірді. Консорциум бірлескен ғылыми зерттеулерге, технологиялар трансферіне, студенттер мен оқытушылар алмасуына, сондай-ақ тау-кен ісі, геология, сирек кездесетін металдарды қайта өңдеу, энергетикалық және экологиялық технологиялар салаларындағы қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға серпін береді.

Өз сөзінде ведомство басшысы бұл бастамалардың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған басымдықтармен тікелей үндесетінін атап өтті. Жолдауда ғылымды дамытуға, цифрлық трансформацияға және жаңа индустриялық дәуір үшін кадрлар даярлауға айрықша назар аударылған.

II Қазақстан-Германия апталығы Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауының басым бағыттарына толық сәйкес келеді. Президент атап өткендей, тау-кен металлургия кешені – Қазақстан индустриялық қаңқасының сенімді тірегі, ал саланың болашағы ғылымды, инновацияларды дамытуға және кәсіби кадрларды даярлауға тікелей байланысты.

Сонымен қатар Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжановтың бастамасымен құрылған Александр фон Гумбольдт атындағы Тұрақты даму жөніндегі пәнаралық орталықтың ашылуы да маңызды оқиға болды. Бұл орталық инновацияларды енгізуге, академиялық алмасуларға және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған халықаралық зерттеу және білім беру алаңына айналады.