Енді 4-5 жыл университетте оқудың қажеті жоқ. Бұдан былай жұмысқа орналасу үшін жоғары білім талап етілмейді. Қызметке ниет еткендер қысқа мерзімді курстан өтсе болғаны. Басқа талап жоқ. Дәл осы тақырып қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі қолдаса, енді бірі ондай маманнан жақсы қызметкер шықпайтынына сенімді. Бұл талап кімдерге арналған? 9 жыл білім алатын дәрігерлер де 2-3 айлық оқуды аяқтап адам емдей ала ма? Толығырақ әріптесім Аружан Задабек «Өзекті» айдарында айтады.
Қайырлы кеш, көрермен! «Өзекті» тақырыптарды бірге талқылайық. Экраннан алыс кетпеңіз!
Сүйінші, халайық! Енді төрт жыл бойы университеттің табалдырығын тоздырып, сабаққа барып, емтихан тапсырып, диплом үшін жан салып оқудың еш қажеті жоқ!
Бұдан былай жұмысқа орналасу үшін жоғары білім емес, қысқа мерзімді курс жеткілікті!
Үш апта —сіз заңгерсіз. Төрт апта — нағыз журналист. Бір айда — IT маманы! Керемет емес пе?!
Мен, мысалы, өз басым, журналистикада төрт жыл оқыдым. Кітап арқалап, курстық жұмыс жазып, практикада телеарналардың табалдырығын тоздырып, қызыл болмасада, мына көк дипломымды алып шықтым. Ал енді, бір курстан білім алып, камера алдында екі сөйлем айтып үйренсең болды — дайын журналист екенсің! Демек, жұмыс өтілі мен дипломнан бөлек, сертификаттар да білім деңгейін дәлелдеу үшін қолданыла береді. Еңбек министрлігі кәсіби біліктіліктер жөніндегі ұлттық кеңес сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, жаңа Ұлттық біліктілік шеңберін бекіткен. Құжат бейресми және ақпараттық оқыту нәтижелерін де қамтып отыр.
БЛИЦ:
- 2 ай оқып стоматолог болып алмасам.
- Жанталасып 4 жыл оқып не Құдайдың азабы? 15 күн оқып, курстың 10 мамандығын меңгеріп алмаймын ба?
- Онда бәріміз мектеп бітіріп, курс мамандығын ала берейік. 4 жыл оқып, уақыт кетіреміз бе?
Жалпы, соңғы күндері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тым белсенді. Өзгерістерді бірінен кейін бірін шығарып, жұрттың аузынан түсер емес. Өткен апта мына жаңалықты естіген тұрғындар шу ете қалды. Енді қызметкер бірнеше жұмыста істей алмайды. Бір адам – бір жұмыс. Ереже сондай. Бірақ осыны естіп дүрлігуге асықпаңыз. Егер негізгі жұмыс 8 сағаттан, қосымша табыс табатын қызметіңіз 4 сағаттан аспаса, бұл талаптан сескенбесеңіз болады. Осылайша, тәуліктік жалпы жұмыс уақыты 12 сағаттан артық болмауы қажет.
БЛИЦ:
- Айлық ең кемі 900 мың болсын. Сосын екі жерде жұмыс істемейді.
- Ақшамыз жетпесе не істейміз? Еріккеннен істемейміз ғой.
- Қартайған әке-анамызды қалай емдейміз? Ипотеканы қалай төлейміз? Балаларымызды қалай оқытамыз?
Бүгін жұмыстың жайын айтып жаңа аптаға топ ете қалдық. Ал өткен демалыс қазақстандықтар үшін ерекше есте қалды. Астанаға әлемге әйгілі Backstreet Boys тобы келіп, өнерін паш етті. Концертке Германия, Польша, Франция, Түркия секілді 45 мемлекеттен 12 мыңнан астам турист арнайы келген.
БЛИЦ:
- Бала кезіме саяхат жасап келгендей болдым. Бала кезімдегі әндерді тыңдап, еріксіз көзге жас келді.
- Айқайлап өлең айтқандар, талай протез ұшқан шығар.
Құрметті көрермен, бүгінге осы! Сау болыңыздар!