$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Қазақ халқында алтын көп болсын деген тілегім бар", - А. Сұлтанғали

"Қазақ халқында алтын көп болсын деген тілегім бар", - А. Сұлтанғали

Грек-рим күресінен 26 жыл аңсаған алтынды тарту еткен Айдос Сұлтанғали елге оралды. Әлем чемпионатында көк байрағымызды көкке көтерген батырды жанкүйерлер ыстық ықыласпен күтіп алды. Әуежайда ұлттық аспаптар күмбірлеп, әскери оркестрдің әуезді үні жаңғырды. Чемпион қымыз бен бауырсақтан дәм татып елдің алғысына бөленді. Сын сағатта тақым қысқан барша қазақ халқына рақметін айтты.

АЙДОС СҰЛТАНҒАЛИ, ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Қазақ халқында осымен бастау алып, ары қарай алтындар көп болсын деген тілегім бар. Мұндай мүмкіндік бұдан кейін келе ме, келмей ме, сол үшін 6 минут бойы барымды салсамда алтынды жұлып алып кету керек болды.  Шүкір, қолдан келді.

Айдос Сұлтанғали бұған дейін екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Тыңғылықты дайындық пен қайсарлықтың арқасында дүбірлі доданың жеңімпазы атанды. Ұлттық құраманың бас бапкері енді Олимп шыңын бағындыруға күш салатынын жеткізді.

ҚОНЫСБЕК ТӨКЕНОВ, ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Біз 6 минут күресуге дайындалғанбыз. Енді 1 жарым минуттай болды ғой. Айдосымыз ерледі. Енді менде кадеттер арасында әлем чемпионы бар. Жастар арасында екі рет әлем чемпионын дайындадым. Енді ересектер арасында бір арманым болған. Оған да жеттім. Енді 2028-ге үлкен арманым бар. Олимпиада чемпионы. Енді соған қойып отырған мақсатым бар.