$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Президент: Әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру ең басты басымдық болуы тиіс

24.09.2025ж. 00:25
Президент: Әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру ең басты басымдық болуы тиіс

Әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болуы тиіс. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 
 

-Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру. Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді. Бүгінде біз алаңдатарлық ахуалға куә болып отырмыз: қарулануды шектейтін шарттар сақталмайды, демек, стратегиялық тұрақтылықтың да іргесі сөгіле бастады. 2024 жылы дүние жүзінде әскерді жарақтандыруға кеткен шығын 2,7 триллион долларды құрады. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Ал жаһандағы зорлық-зомбылықтан келген залалдың шығыны 20 триллион долларға жуықтады. Сондықтан әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болуға тиіс,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Осы орайда Президент Қазақсан ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауды қолдайтынын, көпжақты әрекеттің жандануына күш салу керек деп санайтынын атап өтті. 

- Кең көлемде алып қарасақ, соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоятын күрделі жұмысқа кіріскен жөн. Бұл жүзеге асыруға болатын шаруа. Бастысы, мемлекеттердің бейбітшілік жолында қанша қаржы жұмсап отырғанын мұқият бақыласақ болғаны. Қазақстан ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі жаңа диалогқа дайын. Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шартты күшейтіп, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың орындалуына түрткі болу үшін бейресми пікір алмасуларға мән бере аламыз. Сонымен қатар біз бұған дейін айтқан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынымымызды жүзеге асыруға шақырамыз, — деді Мемлекет басшысы.