Еліміздің Сот сараптамалары орталығы зертханалық базаны жаңартумен қатар әдістемелік әлеуетті дамытуды да назардан тыс қалдырмайды. Қазір цифрлық активтердің айналымы мен қаржы ағындарына, сондай-ақ ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау белгілеріне қатысты объектілерді сараптамалық зерттеу жүргізуге арналған жаңа әдістемелік жобалар әзірленуде. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Олардың алғашқысы – цифрлық активтерге қатысты істерді тергеу барысында айналым көлемін белгілеуге, сондай-ақ ақша қаражаты мен олардың баламаларының айналымын анықтауға арналған. Бұл әдістеме цифрландыру жағдайында экономикалық қылмыстарды тергеуде бірыңғай әрі ғылыми негізделген тәсіл үшін принципті маңызға ие.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында киберқылмысқа, оның ішінде кибералаяқтыққа қарсы белсенді күрес жүргізудің қажеттілігін, сондай-ақ осы салада тергеу жүргізетін мемлекеттік органдардың құзыреттерін арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Осыған орай, жаңа әдістеме залалды есептеу дәлдігін едәуір арттырып, соның нәтижесінде істерді сотта қарау кезінде дәлелдемелік базаны нығайтуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Орталық басшысы.
Екінші әдістеме ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау белгілерін қамтитын объектілерге сот-сараптамалық зерттеу жүргізуге бағытталған. Оның енгізілуі мұндай фактілерді бағалаудың объективті құралына айналады. Бұл медиа кеңістіктегі құқық бұзушылықтардың көбеюі жағдайында аса маңызды.