$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Қазақстан араағайындық пен бітімгер рөлін жалғастырады", - Президент

"Қазақстан араағайындық пен бітімгер рөлін жалғастырады", - Президент

Жаһандық тұрақсыздық күшейіп тұр. Қарулы қақтығыс көбейіп, бейбіт өмірдің бағасы артып барады. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан әлемді саналы шешімге, һәм бірлікке үндейді. Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының жалпы дебатында Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен қауіпсіздік жолында нақты ұсыныстарын ортаға салды. Президент адамзаттың ортақ болашағы үшін дипломатияның салмағы артуы керек екенін баса айтты. Экологиялық сын-қатерлер де назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы мінберде көтерген мәселелерді Сүндет Оралбек шолып шықты.

БҰҰ сексен жылдан бері адамзатқа төнген қауіпті еңсеруге күш салып келеді. Алмағайып кезеңде ұйым ұжымдық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, бейбітшілікті сақтау, кедейлікті азайту, адам құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыстарға бастамашы болды. Бүгінде миллиондаған адам бірлестікке үлкен үміт артып отыр. Себебі, қазір әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жақсы жаққа бет бұрды деп айту қиын. Мемлекет басшысы мінберде әлем көшбасшыларын ұйымның позициясын нығайтуға ықпал етуге шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұйымның құбылмалы заманға бейімделуіне қолғабыс етуіміз қажет. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухы соғыс өртін тұтандырудан басым болуға тиіс. Мемлекеттер басшылары бейбітшілікке ұмтылу жолында жауапкершілік арқалайды.

Мемлекет басшысы БҰҰ жан-жақты реформалау бастамасын көтерді. Жаңғыртуды Қауіпсіздік Кеңесінен бастауды ұсынды. Бұл өзгеріс бірлестіктің беделін арттыруға арқау болады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінде орта державалардың үні анық естілуі тиіс екеніне ерекше тоқталды. Бүгінде бұл елдер халықаралық қатынаста жағымды рөл атқаруда. Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналары сөзсіз.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

XXI ғасырда БҰҰ беделін көтеру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздіктің іргесін бекемдейтін нақты қадамдар жасауға тиіс. Әйтпесе, БҰҰ үнемі мәселенің салдарымен күресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе береді.

2024 жылы әлем елдері әскерді жарақтандыруға 2,7 триллион доллар жұмсаған. Бұл — тарихтағы ең жоғары көрсеткіш. Алайда қауіпсіздік артудың орнына, керісінше көбейді. Зорлық-зомбылықтан келген залалдың құны 20 триллион долларға жуықтаған. Түйткілдің түйінін тарқату үшін Мемлекет басшысы әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіруді ұсынды. Бұл халықаралық қауымдастықтың басты міндетіне айналуы тиіс екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кең көлемде алып қарасақ, соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоятын күрделі жұмысқа кіріскен жөн. Бұл жүзеге асыруға болатын шаруа. Бастысы, мемлекеттердің бейбітшілік жолында қанша қаржы жұмсап отырғанын мұқият бақыласақ болғаны.

Қазір әлем дүрлігіп тұр. Жер-жерде қарулы текетірестер белең алып, жазықсыз жандар жапа шегуде. Осы мәселеге ерекше тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатия мен парасатты шешімнің арқасында ұзақ жылға жалғасқан кез келген қақтығысты реттеуге болатынын айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан осы қағидатқа сүйеніп, дауды ушықтырғаннан гөрі дипломатияға жүгінуді, күш қолданғаннан гөрі диалог жүргізуді жөн деп санайды.

Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары көрсеткішке жетті. Салдарынан Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Каспий теңізі де күннен күнге тартылып барады. Бұл жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселе. Мемлекет басшысы Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырды.  22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрін осы маңызды бастамаға қолдау білдіріп, ынтымақтастық орнатуға шақырамыз. Осы орайда Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынамын.

Мемлекет басшысы мінберде елде жасалып жатқан жүйелі жұмыстарға да тоқталды. Сөзін қорытындылай келе Қазақстан араағайындық пен бітімгер рөлін жалғастыратынын жеткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымын бейбітшілік, әділеттілік және ынтымақтастық шамшырағы екенін растайтынын айтты.