Солтүстік Қазақстанда Қызылжар аудандық әкімдігі Прибрежный ауылының шеткі көшесіндегі үйлерді бұзбақшы. Қазір баспаналарды бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, жұрт үй үшін берілетін өтемақының аз екенін айтады.
Райхан Сұрағанова үйін 2017 жылы салған. Былтыр суда қалып., біраз жері бүлініпті. Енді әкімдік оны бұзып, өтемақы ретінде 4 млн теңге төлемек.
РАЙХАН СҰРАҒАНОВА, ПРИБРЕЖНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Уведомленияда жердің барлығы есептелінеді, хоз постройка есептелінеді, соған сайма сай үй беріледі деп отыр. Бірақ бөлген қаражаттары маған жер алуға да жетпейді. Мен осы жасқа келіп, жетпіске келіп үй салып жүретін жағдайым жоқ.
Есіл өзенінің іргесіндегі елдімекен су деңгейі көтерілгенде аралға айналады. Сондықтан әкімдік ауылдың шеткі көшесіндегі үйлерді бұзбақшы.
ҚАМАР ЕСҚҰЛОВА, ПРИБРЕЖНЫЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менің үйім екі қабатты 141 квадратураға 25 млн ғана есептеп отыр. Мен ол сомамен келіспеймін. Прибрежный ауылында менің үйім сияқты үйлер 40-45 млн тұрады.
Екі жақ бір мәмілеге келе алмағандықтан, аудан әкімдігі енді екіойлы болып отырғандарын жеткізді. Үйлер қалып, бөгет нығайтылуы мүмкін.
АЗАТ ИБРАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазір біз бұл мәселенің екі шешімін көріп тұрмыз. Біріншісі - үйлердің барлығын сырып, тұрғындарды басқа жерге көшіру болса, екіншісі - үйлерді орнында қалдырып, дамбаны тағы көтеру.
Мәселе қаражатқа тіреліп тұр. Әлі нақты шешім қабылданбаған.