Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Кёвермен кездесті. Тараптар екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту жайын талқылады. Бұл – Кёвердің Қазақстанға үшінші сапары. Кездесуде парламентаралық байланысты дамыту, депутаттардың достық топтары мен заң шығару тәжірибесін алмасу мәселелері көтерілді. Қошанов Қазақстан мен Мажарстан парламенттері арасындағы диалогтың жоғары қарқынына тоқталды. Әңгіме барысында Президент Жолдауындағы бастамалар, парламенттік реформа және жасанды интеллектіні дамытуға қатысты заң жобасы сөз болды. Қазақстан бұл салада Мажарстанмен тәжірибе алмасуға мүдделі екенін білдірді. Ласло Кёвер қазақ пен мажар халықтарының тарихи достығын атап өтіп, қажет болған жағдайда бір палаталы парламентке көшу тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді. Кездесу соңында Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының атынан Ласло Кёверге екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Достық» орденін табыс етті.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Кейінгі жылдар қазақ-мажар қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерудегі маңызды кезеңге айналды. Бұл қос ел көшбасшыларының мызғымас достығының, ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз. 2023 жылы Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстанда ресми сапармен болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да Мажарстанға мемлекеттік сапары өте нәтижелі өтті. Стратегиялық келісімдерге қол жеткізіп, маңызды құжаттарға қол қойылды. Жоғары деңгейдегі барлық келісімдер заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету ол біздің Парламенттердің басты міндеті.