Қазақстан мен Қытай су шаруашылығы саласында ынтымақтастықты күшейтпек. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен көршілес елдің Power China компаниясы арнайы меморандумға қол қойды. Құжат аясында ескі су құрылыстары мен арық-тоғандар жөнделіп, жаңа технология енгізіледі. Сонымен қатар суды үнемдеу, цифрландыру және мамандарды оқыту қолға алынбақ. Келесі жылы тағы 200 қазақстандық маман Қытайда біліктілігін арттырады. Барлық шығынды аспан асты елі өз мойнына алады.
НҰРЛАН АЛДАМЖАРОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Қытай халық Республикасының Сауда министрлігіне, Су шаруашылығы министрлігіне және Power China компаниясына Қазақстанның су саласы мамандарына арналған оқу курстарын ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Биыл оқуға төрт топ қатысып, барлығы 125 маман біліктілігін арттырды. Қол қойылған меморандум аясында бұл ынтымақтастық жалғасын тауып, алдағы уақытта да су саласы қызметкерлері үшін осындай тренингтер өткізіледі деп үміттенеміз.