$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ербол Мырзабосынов баскетболдан Қазақстан кубогінің жеңімпаздарымен кездесті

25.09.2025ж. 08:35
Ербол Мырзабосынов баскетболдан Қазақстан кубогінің жеңімпаздарымен кездесті

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ақтау қаласына жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен бірге баскетболдан «Каспий» клубының ойыншыларымен кездесті.

2008 жылы құрылған «Каспий» баскетбол клубы бүгінде өңірдегі жетекші спорт ұжымдарының біріне айналды. Клубтың ерлер және әйелдер командалары Ұлттық лигада табысты өнер көрсетіп, Қазақстан кубогінде облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Биыл ерлер командасы Қазақстан кубогінде жеңімпаз атанып, өңір тарихындағы алғашқы ірі жетістікке қол жеткізді. Қазіргі таңда клубтың 10-нан астам ойыншысы ұлттық құрама сапында өнер көрсетуде.

Кәсіби командалармен қатар клуб спорттық резервті де белсенді түрде дамытып келеді. Мәселен, команданың U14 және U21 жас ерекшеліктеріндегі құрамалары ел чемпионаттарына қатысады. Сондай-ақ 100-ден астам бала әуесқой баскетболмен тұрақты түрде айналысады. Жыл сайын өңірде 800-ден астам жас спортшы қатысатын Жастар баскетбол лигасы және Әуесқойлар лигасы секілді ірі турнирлер өткізіледі.

Ербол Мырзабосынов клубтың жетістіктері мен жастардың спортқа тартылуы өңірдің дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі екенін атап өтті.

Қазіргі таңда облыс халқының 41%-ы (шамамен 400 мың адам) спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ал мектеп оқушыларының 70%-дан астамы спорт секцияларымен қамтылған. Мемлекеттік спорттық тапсырыс пен Damubala.kz платформасының арқасында 5 мыңнан астам бала 22 спорт түрі бойынша тегін жаттығуға мүмкіндік алып отыр.

Бүгінде өңірде 931 спорт нысаны жұмыс істейді. Былтыр облыста 65 жаңа алаң мен кешен пайдалануға берілді. Сондай-ақ жаңа спорт залдары мен мамандандырылған спорт ғимараттарының құрылысы жүргізілуде.

Министр «Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебі» жанынан ашылған заманауи «Халық Арена» кешенін аралап көрді. Кешен базасында дзюдо, бокс, таеквондо, еркін және грек-рим күресіне арналған залдар, бассейн, жаттығу бөлмелері, ашық алаңдар мен 90 орындық қонақ үй орналасқан. Мұнда 300-ден астам бала, соның ішінде ұлттық құрама мүшелері, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері жаттығады.

Ербол Мырзабосынов Маңғыстау облысының бұқаралық және кәсіби спортты дамытуда айтарлықтай жетістікке жетіп отырғанын, сондай-ақ жасалып жатқан жағдайлар халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға жол ашатынын ерекше атап өтті.