Қарағанды облысы 2025–2026 жылғы жылыту маусымына толық дайын. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, сондай-ақ инженерлік желілер түгел тексеріліп, жылу беруге әзір. Бұл туралы өңірлік билік мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.
Жылыту маусымы кезең-кезеңімен 25 қыркүйектен басталады. Алғашқы болып жылу Қарағанды, Теміртау және Шахтинск тұрғындарына беріледі. 1 қазаннан бастап Балқаш, Саран, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Осакаров аудандары жылыту жүйесіне қосылады. Шет ауданында жылу 10 қазанда, Приозерск тұрғындарына 12 қазанда беріледі.
Әлеуметтік нысандардың бірқатары жылуға ертерек қосылды. Мәселен, Саран қаласындағы мекемелер 15 қыркүйектен бастап жылумен қамтылды, Нұра ауданында – 18 қыркүйектен.
Алдағы қысқы маусымға дайындалған инфрақұрылым:
603 жергілікті жылу көзі (61 қазандық және 542 автоматтандырылған жүйе), шамамен 1,5 мың шақырым инженерлік желі (оның ішінде 50,3 км жылу, 46,3 км су құбыры, 11,8 км кәріз және 1 388 км электр желілері), 493 қосалқы станция, 1 107 әлеуметтік нысан (589 білім беру, 221 денсаулық сақтау, 297 мәдениет пен спорт нысаны), 5 964 көпқабатты тұрғын үй.
Жылыту маусымына дайындыққа биыл 115 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның ішінде: 32,6 млрд теңге – энергия көздеріне, 1,3 млрд – жергілікті жылу көздеріне, 18,2 млрд – жылу желілеріне, 25,9 млрд – электр желілері мен қосалқы станцияларға, 22,4 млрд – су және кәріз жүйелеріне, 15,4 млрд – газдандыру жобаларына бағытталды.
Өңірдегі 7 ірі энергия көзінде жоспарлы жөндеу жалғасып жатыр. Биыл 47 қазандық пен 29 турбинаны жаңарту көзделген. Қазіргі уақытта 27 қазандықтың (57,4%) және 20 турбинаның (68,9%) жөндеуі аяқталды, тағы 11 қазандық пен 4 турбинада жұмыс жүріп жатыр.
Теміртау қаласындағы «Qarmet» АҚ ЖЭО-2 станциясында жаңа жетінші қазандық іске қосылды. Ол қосымша 80 Гкал/сағ жылу қуатын беріп, қаланы сенімді жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Топар ГРЭС-інде №3 турбина пайдалануға беріліп, электр қуаты 130 МВт-қа артты.
Барлық станция отын жеткізу келісімдерін бекіткен. Қазіргі таңда көмір мен мазут жеткізіліп жатыр. Маусымға қажеттілік — 7,1 млн тонна көмір және 40,6 мың тонна мазут. Бүгінде қоймаларда 1,468 млн тонна көмір мен 11,3 мың тонна мазут бар.
Халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға қажеттілік 1,27 млн тонна көмірді құрайды.
Оның ішінде:
Осылайша, Қарағанды облысы алдағы қысқа толық дайындықпен қадам басты. Жаңартылған жабдықтар мен жылу көздері тұрғындарды алдағы суықта сенімді түрде жылумен және жарықпен қамтуға мүмкіндік береді.