Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Мәжіліс төрағасының жүрек отасынан кейінгі жағдайы

AstanaTV
22.11.2017ж. 20:00
1655
Мәжіліс төрағасының жүрек отасынан кейінгі жағдайы

Мәжіліс Сенат кері қайтарған үш жылдық бюджет жобасын қабылдады. Жоғарғы палата бас қаржы құжатына қырық шақты өзгеріс енгізіп, шығынды қысқартуға ұсыныс тастаған. Тіпті Үкіметтің резерві мен Ұлттық экономика министрлігінің шығындарын қиып тастады. Сол 22 млрд теңгені "Қазгидрометке", Ішкі істер министрлігіне, экологиялық апат аумағы тұрғындарына өтемақы ретінде және бірқатар әлеуметтік жобаларға жұмсауды көрсеткен. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады. 

Соңғы үш апта ішінде Парламентте күтпеген жәйттар болғаны рас. Бюджет шығындарын қысқарту немесе оны ұқсатуға қатысты қос палатаның келіспей қалуы некен-саяқ. Бұдан бөлек, соңғы үш аптада Парламент төрағасының көрінбей кеткені туралы күбір-сыбыр әңгіме көбейді. Түрлі болжамдар айтыла бастаған соң, мәжілістің баспасөз қызметі ресми ақпар таратуға мәжбүр болды. Сөйтсек, Нұрлан Нығматулиннің жүрегіне ота жасалыпты. Ал бүгін төраға тың. 

"Барлығы жақсы. Сіздерге де мықты денсаулық тілеймін. Осы орайда жағдайымды сұрағандарыңыз үшін үлкен алғысымды жеткізгім келеді".

Сағынғаны көрініп тұр. Екінші оқылымда қаралып, қабылданған "Салық кодексі" туралы Кіріс комитететінің басшылығы Госман Амринмен қалжыңдасып үлгерді. Кодекс қаралған тұста кәсіпкерлердің күйін күйттейтін ақжолдықтар баяндамашының мазасын қашырған еді.

Ғосман Кәрімұлы, мына жерде мен болмаған кезде, сізді «Ақ жолдың» қатарына қосылып кете жаздады дейді. Мүмкін, бір жағынан солай болуы қажет те шығар. Сол кезде кеден бизнесмендерге жақындай түсер еді. Азат Перуашев, мүмкін, бұл мәселені қарастырар.

Ал министр болғалы Мәжіліс толық мақұлдап жіберген алғашқы заң жобасы үшін Тимур Сүлейменов төрағаға 150 пайыз денсаулық тіледі. Айта кетейік, "Салық кодексін" құрастыратын Ұлттық экономика министрлігі, орындайтын Қаржы министрілігі.

От всех наших экономистов хочу Вас поздравить с возвращением. Пожелать 150% здоровья.

Бүгін БАҚ туралы заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданып кетті. Мемлекеттік органдардың ресми сауалға жауап беру мерзімі 7 күнге қысқарды. Және тұтас елдік маңызы бар төтенше жағдай болғанда 3 сағат ішінде жауап берілуі тиіс. Банктегі мәліметтері, жеке өмірі мен дәрігерлік құпия деген тұсы сақталады. Оны жариялау үшін автор кейіпкерден міндетті түрде рұқсат алуы тиіс. Осы тұста да мәжіліс спикерінің жағдайы мысал болды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

Ол ауруханада деп жазуға хақыңыз бар. Бірақ нақты диагнозын өзінен сұрау керексіз. Мынадай да ауруханада, мынадай дәрігерлер ота жасады деп жазуға да болады. Заң бойынша диагнозын анықтау үшін, дауысын диктофонға жазып алуға болады.

Сөйтіп, БАҚ туралы заң жобасы Сенатқа жолданды. Құжатты әзірлеу кезінде 16 заң мен 6 кодекске өзгеріс енгізілген. Мынадай қарқынға қарағанда, журналистер жаңа жылды су жаңа заңмен қарсы алатын сияқты.