2025 жылдың шілде айының ортасынан бастап Қазақстан Республикасының азаматтары жаңа қорғаныс элементтерімен жабдықталған паспорттарды ала бастады, деп хабарлайды Astana TV.
Бұл өзгеріс азаматтардың жеке деректерін қорғау деңгейін арттыру, құжаттарды қолдан жасаудан сақтау мақсатында енгізілді. “Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес, Ішкі істер министрлігі азаматтардың паспорттары мен азаматтығы жоқ адамның куәлігін қорғауға қойылатын талаптарды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіп, жаңа қорғаныш элементтерін енгізуді пысықтады.
Соның нәтижесінде, Қазақстан азаматының паспорты мен азаматтығы жоқ адамның куәлігінің 2-бетіне қорғаныш голографиялық пленкаға салынған барыс бейнесі бар HDM-элементі (жоғары ажыратымдылық металдандыру элементі) орналастырылады. HDM – заманауи технологияға негізделген, құжаттардың қолдан жасалуынан қорғау деңгейін айтарлықтай күшейтетін шешім. Бұл элемент визуалды тұрғыда танымал әрі тануға оңай, сол арқылы құжаттың түпнұсқалығын жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
Аталған өзгеріс ұлттық қауіпсіздікке әсер етпейді, сондай-ақ теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Жарамдылық мерзімі әлі бітпеген құжаттар өз күшінде қала береді және оларды ауыстыру міндетті емес. Жаңа қорғаныс элементі бар паспорттар келесі жағдайларда беріледі: паспорттың мерзімі аяқталған кезде, құжат жарамсыз болып қалған жағдайда немесе азамат өз еркімен ауыстыру туралы өтініш бергенде.
Осы жылдың шілде айының ортасынан бері 5 мыңнан астам азамат жаңа үлгідегі паспорт алған. Бұл – халықтың жеке мәліметтер қауіпсіздігіне деген қызығушылығының артқанын және жаңартылған құжат үлгісіне сенімнің жоғары екенін көрсетеді. Қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін азаматтар жергілікті көші-қон қызметіне немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіне алады.