$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елде мұғалімдерге арналған челлендж басталды

25.09.2025ж. 18:18
Елде мұғалімдерге арналған челлендж басталды

Қазақстанда 25 қыркүйек пен 5 қазан аралығында "Ұстаз – ұлт шамшырағы" онкүндігі өтіп, "Ұстазыңды құттықта!" республикалық челленджі басталды, деп хабарлайды Astana TV.

Осы он күн ішінде өңірлерде ұстаздарға арналған түрлі салтанатты және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бастаманың мақсаты – мұғалімнің мәртебесін көтеру, осы мамандықты насихаттау және әр адамның өмірінде тәлімгерлердің атқаратын ерекше рөлін қоғамға еске салу.

Білім беру министрлігінің мәлімдеуінше, мұғалім – жай ғана мамандық емес, бұл – миссия. Себебі педагогтар елдің болашағын қалыптастырып, білім беріп, жаңа буынды тәрбиелеп, балалардың қабілетін ашуға көмектеседі. Бүгінде Қазақстанда 23 мыңнан астам білім беру ұйымында 600 мыңнан аса педагог еңбек етуде.

Онкүндік аясында Білім беру министрлігі "Ұстазыңды құттықта!" республикалық челленджін бастайды. Оған кез келген адам қатыса алады: әлеуметтік желіде #Ұстазыңдықұттықта және #ПоздравьУчителя хэштегтерімен құттықтау жариялау, өз мұғаліміне қоңырау шалу, хат немесе ашықхат жолдау, не жылы естелікпен бөлісу жеткілікті.

Ұйымдастырушылар бұл акция қазақстандықтарды ұстаздарға деген шынайы алғыста біріктіретін жылылыққа толы дәстүрге айналады деп үміттенеді.