$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Шетелдік интернет дүкендерден көп тауар алатын қазақстандықтар енді баж салығын төлейді

Шетелдік интернет дүкендерден көп тауар алатын қазақстандықтар енді баж салығын төлейді

Шетелдік интернет дүкендерден көп тауар алатын қазақстандықтар енді баж салығын төлейді. Сенат тиісті заңды мақұлдады. Яғни, электронды тауарлар декларацияланып, құқықтық тұрғыдан реттеледі. Жеке сатып алушыларға заңда тағы қандай міндеттер жүктелген? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Шетелден тауар алушыларға тықыр таянды. Енді кез-келген интернет-платформадан келетін тауарлар декларацияланады. Бұған байланысты құжатты осыдан екі жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың барлық мемлекеттері қолдаған еді. Пилоттық режимде енгізілген жүйе енді заңды түрде бекітілді.

ДӘУРЕН КЕҢБЕЙІЛ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

23 жылдың тамыз айынан бастап, пилоттық режимде жаңағы тәжірибеміз бар. Бұл тәжірибе көрсеткендей барлық сын қатерлер барлық тәуекелдер шыққан сол пилот кезінде айқындалған барлық тәуекелдер жойылды. Осы хаттама күшіне енгеннен бастап бұл тәуекелдер болмайды деп сеніп айта аламыз.

Құжатта «электронды сауда операторы» ұғымын енгізу қарастырылған. Бұдан бөлек, шетелдік интернет-дүкендерден жеке тұлғаларға келетін тауарлар жеке пайдалану тауарлары ретінде саналады. Тек заңда белгіленген нормадан аспаған жағдайда баж салығы салынбайды.

БЕКБОЛ ОРЫНБАСАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бажсыз әкелу нормасынан 200 еуро немесе 31 кг асқан жағдайда ғана декларацияланады. Бұл кезде жеке тұлғалар өз бетінше құжат тапсырып, тауар құнының 15%-ы мөлшерінде жиынтық кедендік төлем төлейді, яғни норма шегінде әкелінген тауарлар декларацияланбайды және ресми статистикаға енгізілмейді.

Электронды тауарды реттеу бюджет қаражатын көбейтеді. Мәселен заң күшіне енгеннен бастап үш жыл ішінде қазынаға шамамен  25 млрд теңге түседі деп күтілуде. Ал тұтынушылар үшін қауіпсіздік мәселесі реттеледі. Яғни, онлайн тауарларға байланысты шетелдік маркетплейстерге жауапкершілік күшейеді.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Хаттаманы ратификациялау оң әсер береді. Бұл мемлекетке де, тұтынушыларғада тиімді болады. Мемлекет үшін ол әкімшілендірудің ашықтығы және толыққанды статистика. Ал тұтынушыларға ол уақытылы тауарларды алу және тауарды рәсімдеуді жеңілдету.

Бұған дейін бұл Мәжілісте  талқыланды. Онда халықаралық пошта арқылы шетелдік интернет-платформалардан жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарлардың бөлек санатқа жатқызылып, электрондық сауда тауарлары ретінде айқындалатыны айтылған еді.