Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"Қазына Капитал Менеджмент" пен "Қазақстан Даму Банкі" тікелей инвестициялар қорын құрды

AstanaTV
22.11.2017ж. 20:00
2390
"Қазына Капитал Менеджмент" пен "Қазақстан Даму Банкі"  тікелей инвестициялар қорын құрды

"Қазына Капитал Менеджмент" пен "Қазақстан Даму Банкі" тікелей инвестициялар қорын құрды. Қордың 97 пайызы негізгі инвесторы "Қазақстан Даму Банкіне" тиесілі. Қалған 3 пайызы қордың тағы бір серіктесі әрі басқарушысы "Қазына Капитал Менеджменттің" үлесінде.

Отандық кәсіпкерлерге "Қазақстан Даму Банкінің" қаржысы қолжетімді бола түсті. Банк "Қазына Капитал Менеджментпен" тікелей инвестициялар қорын құрып, қаржыландыру жүйесін дамытып отыр. Қордың бастапқы капиталы - 33,5 млрд теңге немесе 100 млн доллар. Бүгінде басқарушы ұйым қаржыландыратын жобаларды іріктеп алып жатыр.

Асқар Достияров, «Қазына капитал менеджмент» АҚ басқарма төрағасы:

Бар үрдіс үш сатыдан тұрады. Алдымен жобаларды таңдаймыз. Өтініштерді банктің өзіне немесе қорға беруге болады. Алдын ала таңдаудан соң қаржылық, экономикалық сараптама, заңгерлік, техникалық терксерістер өткізіледі. Тәуелсіз сараптама жүргізіледі. Бір жобаны қарау уақыты жобаның дайындығына қарай үштен алты айға дейін.

Бүгінде қордың қарауында жалпы сомасы 400 млрд теңгеден асатын 10 шақты жоба жатыр. Қордың қаржысына қол жеткізе алған алғашқы компания "АтырауНефтеМаш" зауыты.

Сағат Түгелбаев, «АтырауНефтеМаш» зауытының бас директоры:

Қор енді құрылып жатыр. Ал біз өте тез, оперативті түрде жоғары білікті деңгейде барлық тетіктерден өттік. Сөйтіп жаңа қаржылық құйылымға қол жеткіздік. Айналым ақшасының жетіспеушілігі өте маңызды. "АтырауНефтеМаш" - машинажасау саласындағы ірі кәсіпорын. Біз тек қана мұнай, газ, химия саласында емеспіз, біз барлық салада бармыз.

Қор 10 жылға құрылған. Жобаларды инвестициялау мерзімі үштен жеті жылға дейін

Болат Жәмішев, «Қазақстан даму банкі» АҚ төрағасы:

Қор құрмай, капиталға қатысудың өзіндік ауыртпалықтары бар. Банк ақшаны беріп қана қоймайды, ол ұйымның шешім қабылдау, корпоративті басқару үрдісіне қатысуы керек. Ал бұл арнайы мамандар жүргізетін бөлек сала. Яғни банкке бөлек құрылымдар құрып, арнайы бағыттарды ашу керек болады. Бұл оңай шаруа емес, сондықтан капиталға тікелей қатыспаған дұрыс. Оның да өзіндік тәуекелдері бар. Осы тәуекелдерді қор құру арқылы төмендетуге мүмкіндік болды. Біз капиталға кіреміз, бірақ оның қатысушысы өзге мамандандырылған кәсіби ұйым болады.

Жаңа қор қосымша қаржыға мұқтаж болып жүрген жобаларға таптырмас мүмкіндік. Бизнесті қолдаудың мұндай тетіктері кәсіпкерлерге әлемдік озық тәжірибелерді қолданып, компанияларының құнын арттыруға жол ашпақ.

Айгүл ӘДЕПБАЙ