ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Алатау қаласында орналасқан 6654 әскери бөлімінің кинологиялық орталығында ерекше оқиға орын алды – мұнда алғаш рет голландиялық овчаркалардың күшіктері өмірге келді.
Өткен жылы азаматтық ұйымдардың қолдауымен алынған иттен барлығы он голландиялық овчарка күшігі дүниеге келді. Алдағы уақытта олар Ұлттық ұлан сапына қосылып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосатын болады. Атап айтқанда олар қылмыспен күреске, есірткі мен жарылғыш заттарды іздеуге, көшелерді патрульдеуге және маңызды нысандарды қорғауға жұмылдырылады.
Голландиялық овчаркалар төзімділігімен, адалдығымен және жоғары зияткерлік қабілетімен танымал. Осы қасиеттер олардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлін ерекше маңызды етеді. Бұған дейін орталықта негізінен неміс және бельгиялық овчаркалар өсірілсе, енді қызметтік ит тұқымдарының қатарын голландиялық овчаркалар да толықтырды.
6654 әскери бөлімнің кинологиялық орталығы – Ұлттық ұлан жүйесіндегі бірегей бөлімше. Мұнда бір мезгілде болашақ кинолог мамандар даярланып, қызметтік иттер өсіріледі. Бұл үшін толыққанды оқу-материалдық база жасақталған. Мұнда жабдықталған вольерлер, жаттығу алаңдары, ветеринарлық бөлім және тамақтандыру орталығы бар. Иттердің жас ерекшелігі мен жүктемесіне қарай қажетті азық түрлері қарастырылған.
Күшіктер алты айлығынан бастап белсенділігі мен қабілеттеріне қарай әртүрлі бағыттарға бөлінеді. Бірі – есірткі заттарын іздеуге, екіншісі – жарылғыш заттарды анықтауға, үшіншісі – патруль қызметі мен құқық бұзушыларды ұстауға машықтанады. Қызметтік-іздестіру иттері кейін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңдылықты сақтау мен тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосады.
Тек 2025 жылдың тоғыз айында ғана Ұлттық ұлан кинологтары 3500-ден астам тапсырманы орындады. Соның ішінде жүзге жуығы өз нәтижесін берді: қызметтік иттердің көмегімен 60-тан астам құқық бұзушы ұсталды; 200 келіден астам өсімдік және синтетикалық есірткі заттары табылып, тәркіленді; жалпы құны 1,7 млн теңгеден асатын ұрланған мүлік қайтарылды; 14 суық қару, 2 атыс қаруы және 1 травматикалық қару анықталды; 17 із-түзсіз жоғалған азаматтың орналасқан жері белгіленді.
Төртаяқты қорғаушылар Қазақстанды халықаралық аренада да абыроймен танытып жүр. Көрмелер мен жарыстарда Ұлттық ұланның қызметтік иттері үнемі жүлделі орындар алып, жоғары дайындық деңгейін көрсетуде.
Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның кинологиялық орталығы – елдің төртаяқты қорғаушыларын даярлайтын маңызды стратегиялық оқу базасы. Оның қызметі құқықтық тәртіп әскері әлеуетін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңдылық пен тәртіпті сақтауға айрықша үлес қосып отыр.