$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан БҰҰ алаңында балалар обырына қарсы күрес жөніндегі жаһандық бастаманы қолдады

26.09.2025ж. 22:19
Қазақстан БҰҰ алаңында балалар обырына қарсы күрес жөніндегі жаһандық бастаманы қолдады

Біріккен Ұлттар Ұйымының (Нью-Йорк) штаб-пәтерінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қатысуымен «Онкологиялық және басқа да ауыр аурулары бар балалардың өмір сүруін жақсарту және зардаптарын азайту жөніндегі жаһандық қозғалыс» атты жоғары деңгейдегі қосымша іс-шара өтті.

Бастаманы Өзбекстан Үкіметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, Сент-Джуд балалар ғылыми-зерттеу ауруханасымен (АҚШ) және «Замин» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырды.

Қазақстандық тарап Өзбекстанның балалар обыры бойынша халықаралық академиялық хаб құру жөніндегі бастамасына қолдау білдіріп, Астанада ересектер онкологиясы және онкогематология бойынша халықаралық хаб ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сайд-ивентке қатысушылар 2030 жылға қарай балалық шақтағы обыр ауруы кезінде өмір сүруді 60%-ға дейін арттыру және орақ жасушалы аурумен күресу жөніндегі жаһандық бастаманы бастау және бес жасқа дейін 90% өмір сүруге қол жеткізу жөніндегі жаһандық мақсаттарға қол жеткізу міндеттемесін талқылады.

Кездесуде айтылған міндеттемелер денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, емдеуге әділ қол жеткізуге және инновацияларды дамытуға негіз болады, бұл бүкіл әлем бойынша мыңдаған баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.