«Барыс» хоккей клубы канадалық тәжірибелі қорғаушы Тайлер Уозерспунмен біржақты келісімшартқа қол қойды.
Келісім бір маусымға есептелген. Ол 2026 жылдың 31 мамырына дейін күшінде болады.
Тәжірибелі хоккейші АХЛ-де 700-ден астам матч өткізген, сондай-ақ ҰХЛ-де 36 ойынға қатысқан. 2022 жылы Уозерспун Канада құрамасының сапында Бейжің Олимпиадасына қатысты.
Өткен маусымда ол «Лаваль Рокет» командасында ойын көрсетті. Онда 79 кездесуде (оның ішінде плей-оффтағы 7 ойында) 2 шайба соғып, 16 нәтижелі пас берді.
Биыл елордалық команда бұған дейін АҚШ хоккейшілері Адам Шил, Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, Тайс Томпсон, Мэйсон Морелли, канадалық Джейк Масси сынды хоккейшілермен келісімшартқа қол қойды.
Қазір сегіз ойыннан кейін «Барыс» 7 ұпаймен турнир кестесінде 19 орында келеді.
Енді елордалық клуб алдағы үш ойынын Астанада өткізеді. Алдымен 27 қыркүйекте Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасымен ойнаса, 29 қыркүйекте «Адмирал» (Владивосток), 1 қазанда «Локомотив» (Ярославль) командаларымен кездеседі.