Қазақстан түркі әлеміндегі ең ірі кәсіби шеберлік чемпионатын өткізуге бастамашылық етті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
5–9 қазан аралығында Ақтау қаласында алғаш рет TurkicSkills халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді. Түркі әлемінің мәдени астанасы саналатын бұл қалада Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Мажарстаннан келген 16–22 жас аралығындағы 70-ке жуық қатысушы мен 90-ға тарта білікті сарапшы бас қосады.
Жастар құрылыс, инженерлік технологиялар, ақпараттық технологиялар, әлеуметтік қызметтер секілді 10 құзырет бойынша өзара бақ сынайды. Әсіресе мобильді робототехника мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару сияқты болашағы зор бағыттарға ерекше назар аударылады. Ең бастысы жас мамандар өзара тәжірибе алмасып, кәсіби шыңдалады.
«TurkicSkills чемпионаты – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және түркі елдері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаң. Қазіргі уақытта оны өткізуге қызу дайындық жұмыстары жүруде. Бұл іс-шара аясында шамамен 5000-ға жуық адам қамтылады деп күтілуде», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» КеАҚ президенті Санжар Татибеков.
Чемпионат жастардың әлеуетін ашуға, заманауи технологияларды дамытуға және еңбек нарығының сұранысына сай жаңа буын білікті кадрларын даярлауға жол ашады.
Шараны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырады. Жобаны жүзеге асырушылар – ҚР ОМ жанындағы «Talap» КЕАҚ және Маңғыстау облысы әкімдігі.