$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Димаштың халықаралық жобасы Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырады

Димаштың халықаралық жобасы Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырады

Димаш Құдайберген мен Қытайдың Hunan Broadcasting System бірлесе жүзеге асырып жатқан халықаралық телевизиялық жоба Қазақстанның туристік әлеуетін әлемдік аудиторияға таныстыруда. 

Voice beyond Horizon түсірілімі Алматы қаласы мен Алматы облысының көрнекті орындарында өтті.

Түсірілім барысында шетелдік көрермендерге су астындағы қылқан жапырақты орманымен әйгілі Қайыңды көлі, БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы тарапынан әлемдегі үздік туристік елдімекеннің бірі деп танылған Саты ауылы және Қапшағай су қоймасы көрсетілді.

Алматының өзінде түсірілім Арбатта, Көк базарда және метрополитенде жүргізілді.

Жобаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген әртістер қатысуда. Олардың өнерін халықаралық қазылар алқасы бағалайды.

«Voice beyond Horizon» музыкалық жобасы түрлі елдің орындаушыларын біріктіріп қана қоймай, Қазақстанның табиғи ландшафтары мен туристік тартымдылығын паш етеді. Түсірілім Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында өтті. Жобаның ақтық кезеңі Астанада ұйымдастырылады.

Халықаралық жобаны Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және өңірлік әкімдіктер қолдап отыр.