$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома», - Президент

«Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома», - Президент

Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында осылай деді. Елімізде бұл сала көлеңкеде қалған емес. Соңғы бес жылдың өзінде инвестиция бес есе өсті. Енді мамандардың әлеуетін көтеріп, жаңалықтарын өндіріске енгізу міндеті тұр. Цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Президент көтерген бастамаларды Сүндет Оралбек жеткізеді.

Дамыған елдер ғылымға да, технологияға да баса мән беріп жатыр. Заманның беталысынан ешкім қалыс қалғысы келмейді. Өйткені, бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Президенттің ғылымға басымдық беруінің себебі осында.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Түрлі мемлекеттер арасында технологиясы дамыған озық ел болу үшін күрес жүріп жатыр. Орталық Азиядағы бәсекелестік те күшеюде, бұл – түсінікті, заңды үрдіс.

Соңғы бес жылда ғылым-білімге салынған инвестиция бес есе өсті. Зерттеу университетінің саны артты. Олардың өндіріспен байланысы да беки түсті. Әлемнің 40 беделді жоғарғы оқу орнымен серіктестік орнады. 33 филиал ашылды. Ұлттық Ғылым академиясының беделі нығайды. Ғалымдардың мүддесін қорғауға да баса мән беріліп отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды, ғылымды басқарудың жаңа құқықтық негізі қаланды. Ұлттық ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту, бұл – аса маңызды, түйінді мәселе, оны басты назарда ұстау қажет. Жас ғалымдарға барынша жағдай жасала беруі керек. Жалпы, алда әлі де көп жұмыс бар, бұл жұмысқа бәріміз бірге жұмылып, бір ұжым болып, тиянақты қатысуымыз керек. Әйтпесе, күре жолдың шетінде қалып қоямыз.

Иа, күре жолдың шетінде қалып қоймас үшін жаңа жобалар қажет. Үнемі даму керек. Ал олардың жемісін көру үшін электр энергиясы жеткілікті болуы маңызды. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар басталды. Елде алғашқы атом электр станциясы бой көтермек. Жобаны халықаралық консорциум жүзеге асырады. Оның жетекшісі – «Росатом» компаниясы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тиісті Агенттік, жалпы, Үкімет осы компаниямен келіссөздер өткізген кезде әрдайым еліміздің мүддесін ескеруі қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы керек. Табиғи байлығымызды, яғни уранды талан-таражға салуға болмайды. Бүгін мен мұны ғалымдардың және бүкіл ғылым қауымдастығының алдында әдейі айтып отырмын.

Мемлекет басшысы онымен шектеліп қалмайтынымызды жеткізді. Екінші, үшінді АЭС-ті жоспарлай беру керегін шегелеп айтты. Елімізде бұл салаға қажетті сирек металдар жеткілікті. Атом станциясы салынғаннан соң уранның экономикадағы рөлі түбегейлі өзгереді. Бұрын шетелерге сатылып келген бұл байлық енді ішкі нарықтың қажетіне жарайтын болады. Президент бұл жұмысқа қазірден бастап дайындалуды тапсырды. Кадрлық әлеуетті арттырудың маңыздылығын атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы – бакалаврлар. Ал ғылым докторларының үлесі 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан докторантураға бөлінетін грант санын көбейту қажет. Әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық берген абзал. Келесі жылдан бастап атом мамандарын дайындау үшін жылына 20 квота беріледі. Мұны технократ ұлт болу жолындағы маңызды қадам деуге болады.

Қазір жер қойнауын игерушілер өз табысының 1 пайызын ғылымды дамытуға бөліп жатыр. Бұл елдің технологиялық әлеуетін арттыруға қосылған үлес. Мемлекет басшысы қаражаттың үнемді, тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуді Үкіметке шегелеп тапсырды. Атом саласын зерттейтін қалашықтар салуға ерекше назар аудару керегін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, институттың әлеуеті жоғары. Еліміздің жаңа ғылыми қалашығын осы мекеменің негізінде құруға болады. Сонымен қатар мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескеріп, құны бірнеше миллиард тұратын жобаларға шашылмаған дұрыс. Бұл осыған ұқсас басқа да жобаларға қатысты. Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу қажет. 

Мемлекет басшысы ядролық медицинаны дамыту мәселесін де көтерді. Отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеуді және қолданысқа енгізуді Үкіметке міндеттеді. Одан бөлек, ғылым саласында  цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын қолдану мәселесін де тілге тиек етті. Бастама  азаматтарымыздың тұрмыс сапасын едәуір жақсартып, Қазақстанның орнықты ғылыми-технологиялық прогресіне берік негіз қалайтынын жеткізді. Аталған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне кәміл сенетінін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жолдауымда анық айттым: біз үшін, жалпы еліміз үшін басқа жол жоқ, әйтпесе ілгерілеуден, прогрестен, яғни даму көшінен қалып қойсақ, қауқарсыз, әлсіз халық боламыз, сыртқы күштердің кемсітуіне ұшыраймыз.

Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, әлеуметтік-экономикалық дамудың берік іргетасын қалау – Мемлекет басшысының негізгі миссиясы. Қабылданған барлық шешімдер осы өзекті міндеттерді іске асыруға бағытталған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу – іргелі әрі ұзақ процесс. Оның әлем экономикасына жанама әсерлері мен ықпалын мұқият зерделеп, анықтау қажет. Алайда бұл технологиялық үрдіс бүкіл халықтар мен мемлекеттердің келешегін айқындайды.Сондықтан біз жылдам қимылдап, ең батыл шешімдер қабылдаудан қорықпауымыз қажет. Сонда ғана біз өзімізге жүктелген тарихи миссияны орындай аламыз, яғни қалыптасып жатқан жаңа әлемнен лайықты орнымызды аламыз.

Бірінші атом электр станциясын салу – ауқымды жұмыстың басы ғана. Бәсекеге қабілетті әрі дербес атом индустриясын қалыптастыруға күш салған жөн. Сонда біз энергетикалық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмаймыз. Қазір Атом энергиясы жөніндегі агенттік осыған қатысты стратегиялық құжат дайындауда. Онда энергия тапшы аймақтарда шағын модульді реакторлар орнату мәселесі қамтылады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Дубайда, Бакуде өткізілген жаһандық климаттық саммиттерге қатыстым. Әсерімді бірқатар әріптестерге және Үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіздім: бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды. Бұл сөзімді Премьер-министр Олжас Бектенов растай алады. АҚШ Президенті Дональд Трамп та жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлегенде «Климаттың өзгеруі дегеніміз, бұл – жаһандық алаяқтық» деп дәл солай айтты. Сондықтан Қазақстан 35 жылдан кейін ғана карбон көздерінен құтылады деп ресми ұстанымымызды жарияладық. 

Атом генерациясы ең таза қуат көздерінің бірі. Десе де, Мемлекет басшысы АЭС құрылысы кезінде барлық экологиялық норманы сақтау керегін баса айтты. Бұл басты талап екенін ескертті. Бүгінде қоғамның бір бөлігінде радиофобия бар. Одан арылу үшін кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу жауаптыларға жүктелді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Атом жобаларын жүзеге асыру барысында жергілікті бизнестің мүддесін ескеріп, отандық үлестің деңгейін барынша қамтамасыз ету керек. Кәсіпорындарымызда аталған саланың жоғары стандарттарына сай өнім шығару үшін ғалымдардың, инженерлер мен өнеркәсіп мамандарының күш-жігерін жұмылдырған жөн.

Заман күрделі, бірақ бағытымыз – дұрыс. Қазақстан экономикалық өсімді тұрақты сақтап келеді. Соңғы бес жылда ІЖӨ 181-ден 291 млрд долларға өсті, ал биылғы 8 айда экономика 6,5 пайызға артты. Ұлттық қор мен халықаралық резервтер 116 млрд доллардан асты. Бұл - әлем мойындап отырған нәтиже. Бірақ рейтинг емес, басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру. Мемлекет басшысының барлық салаға реформа жүргізуінің себебі осы.