Қазақстан әлемде жасанды интеллект туралы заң қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. Кеше Мәжіліс маңызды норманы қабылдады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда еліміз үш жылдың ішінде жаппай цифрлық елге айналу керек деген міндет қойды. Иә, бұл- жаһандық үрдіс. Озық мемлекет қатарына орнығуымыз үшін саланың дамуы аса маңызды. Бүгін осы тақырыпқа қатысты парламенттік тыңдау өтті. Жиында айтылған мәселелерді Аружан Задабек тарқатады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Бүгін Парламент дәлізі Netflix киносындай әсер қалдырды. Бұрын тек шетелдік сериалдардан көретін жасанды интеллект, нейрондық жүйе енді шынайы өмірге айналды. Кеше ғана жат, абстракт ұғымдай болған құралдар – енді мемлекеттік деңгейде талқыланып жатыр. Бұл – фантастика емес. Бұл – заң жобасы, бұл - парламенттік тыңдау.
Теледидар ішіне еніп кеткендей әсер қалдырған — осы жобалар. Жасанды интеллект ұғымы пайда бола салысымен, оны жылдам меңгеріп, тәжірибеге енгізген “бот патшалары” саяси кеңістікке қадам басты. Олар жобаларын таныстырды, түсіндірді, таңдай қақтырды. Келушілер қажет ақпаратын түртіп алып, “керемет екен” деп бағасын берді. Олар болашақты аңдаудан гөрі, оны қолдан жасау әлдеқайда ұтымды екенін ұқтырды.
АСЫЛЗАТ ИСАТАЕВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
Бұл платформа тіс дәрігерлеріне арналған. Біз рентген кескіндемеді ауыз қуысы ауруларын анықтауға көмектесеміз. Дәрігер пациент рентген кескінін біздің платформаға салады, ЖИ қанша карис барын көрсетеді.
Президент үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Демек, сала мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналған. Ерекше назар аударуы бекер емес. Қарапайым мысал келтірейін. ChatGPT небәрі екі жылдың ішінде 800 миллионнан астам қолданушыны баурап алды. Мұндай көрсеткіш интернет алғаш енгізілген кезде де болмаған еді. Мемлекет басшысы маңыздылығын меңзеді. Үкімет ізін шала сала алғашқы қадам жасады. Мәжіліс заңды қабылдады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет. Мемлекет басшысы алдымызға осындай міндет қойып отыр. Ол – азаматтарымыз үшін қауіпсіз, экономикаға тиімді, ұлттық мүдделерімізге сай болып, еліміздің прогрессивті дамуына серпін беруге тиіс. Бұл – жай ғана жарыс емес, ақыл-ой мен білімнің бәсекесі. Ол бәйгеде озық елдердің қатарында болуға біздің мүмкіндігіміз жеткілікті. Осы жолда бүгінгі тыңдалым жасанды интелектіні жаппай енгізу ісіне өзіндік үлес қосады деп сенемін.
Электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша Қазақстан қазірдің өзінде 193 елдің ішінде 24-ші орында тұр. Бұл - жетістік. Қазір құжат алу үшін біраз есіктің табалдырығын тоздырып, табан ауыртудың қажеті жоқ. Түймені түртіп жіберсең, керек құжатты алдыңа тосады. Бұдан былай, тіпті, жеңілдейді. Бұрын бір анықтаманы алу үшін телефонға телміріп, ұзын-сонар тақырыптан көзіміз талатын. Енді Е-гов сіз үшін онлайн асисстент әзірледі. Қажетіңді жазсаң, өзі-ақ тауып береді.
БЕКТЕМБАЙ КОСУНОВ, МОБИЛЬДІ ҮКІМЕТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біз Егов-мобайлға өзгерістер енгіздік. Чат-бот жұмыс істейді. Тұрғындар бірнарсені түсінбей жатса соған жүгініп, көмек сұрай алады. Қажетті қызметті немесе анықтаманы іздеп, уақыт өткізудің керегі жоқ. Чат-ботқа жазсаңыз, сілтемесімен анықтаманы алудың жолын көрсетеді.
Жасанды интеллекттің мүмкіндігімен қатар, кері әсерінің де болары анық. 400 миллионнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Әсіресе, аудармашы, журналист, редакторлар мен маркетологтар қызметтен кетеді. Әлемде бұл процесс басталып та кеткен. Албания мен жапон халқы елдегі маңызды құжаттары ақылды интеллект арқылы қабылдайтын болған. Біздің депутаттар да қалыспайық деп, сынап көрген. Бір жиында чаиджипитиді пайдаланып, бір-біріне өлең арнағанын да білеміз.
ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біздің өмірімізге тұрақты кіріп кетті. Біз енді оны реттеуіміз керек. ЖИ араласуымен жасалғандықтан азаматтар білу керек, ЖИ синтетикасымен жасалып жатыр дегенді. Міне, осы мәселені реттейтін заң.
Жасанды интеллектіні енгізуге дайындық рейтингінде Қазақстан 188 мемлекеттің ішінде 76-орынды. Мұның өзі біздің жаңа әрі жауапты кезеңге қадам басқанымызға дәлелі. Қазір бұл бағыт бойынша 10 млрд теңгеге 62 жоба іске асырылып жатыр. Саланы зерттеуге 500-ге жуық ғалым жұмылдырылды.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Үкімет жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде қолдап келеді. Қаржыландыру мақсатты және гранттық бағдарламалар арқылы жүзеге асуда.
Бізге жасанды интеллектінің қазақстандық моделі қажет. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды. Бұл – жай ғана жарыс емес, ақыл-ой мен білімнің бәсекесі. Бұл бәйгеде Қазақстан да озық елдердің қатарында бола алады. Ол үшін мүмкіндік көп. Зерттеу бар, ақша бөлінді, заң да қабылданды.