$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Газ келеді деп пешті бұзып тастадық",-тұрғын

AstanaTV
26.09.2025ж. 19:00
"Газ келеді деп пешті бұзып тастадық",-тұрғын

Ақтөбеде Мәртөк ауданына қарасты Аққайың ауылының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Жергілікті билік ауылға газ тарту мәселесі биыл шешіледі деп уәде берген. Алайда әлі нәтиже жоқ. Тұрғындар болса пешін бұзып тастаған.

Ауыл халқы биыл газ келеді деген үмітпен пешін бұзып тастаған. Енді қыстыгүні қалай күнелтерін білмей дал. Қайтадан пеш салып, көмір жағудан басқа амал жоқ сияқты.   Отынның бағасы да жыл сайын өсуде. Қазір   бір тоннасы- 26 мың теңге. Жеткізу де ақылы. 

ЖҰМАГҮЛ ІЗМҰХАМБЕТОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жалғыз өзі тұратын кісілер бар. Олар дайындалып отыр газға. Армандары енді сол ғо үлкен кісілердің.

ГҮЛСІМ САЙЛАНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

81- жылдан бері осында көшіп келдік. Содан бері көмір жағып, күлді көмеш болып отырмыз. 100 мың пенсия аламын, соған кетеді,көмірге кетеді. Жылына 100 мыңға көмір аламын кілең.

Аққайың ауылына іргелес жатқан Родниковка, Қаратоғай, Бөрте мен Шевченко ауылдарына көгілдір отын  кіргізілген. Ал қатар тұрған  бұл елдімекеннің назардан тыс қалғанына көпшілік наразы. 

МЕШІТХАН ГУЛЛИКЕМ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің акиматтан сұрайтынымыз жол, газ, сосын мына связь қазір.Былай қарай шамалы шықсаңыз связь да ұстамайды.Сосын жолды сіздер келеді дегесін 2 күн болды ма? Қырып қойды. Оның алдында қытырлақ-шоқырлақ болды.

Жоспар бойынша құрылыс биыл 30 қыркүйекте аяқталуы тиіс.  Мердігер компания  өкілі қаржы тапшылығының жұмысты тежеп отырғанын айтады. Қажетті қаражаттың тек 10 пайызы  бөлініпті.

НҰРҚАНАТ ІДІРІСОВ, «ҚАЗПРОМСТРОЙГРУПП» ЖШС ӨКІЛІ:

Бірақ біздер өзіміздің күшімізбен жұмысты тоқтатып жатқан жоқпыз. Ауылдың іші көріп тұрсыздар-үш көше, соның екі көшесі қалды.Қазан айына дейін бірақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын бәрін бітіріп қоямыз. Бірақ газ құбырын қосып, жағу біздің құзырымызда емес.

Аққайың ауылдық округі облыс орталығынан 110 шақырым жерде орналасқан. 130 үй бар. 500 ге жуық адам тұрады. 

ЖАЛҒАС ЕСБУСЫНОВ, ҚАРАШАЙ СЕЛОЛЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Бұл проект, негізі жоба 26- жылы аяқтауды жоспарланған. Қазіргі таңда 10 процент, бюджеттен 10 пайыз бөлінді. Қазіргі таңда қалған жұмыстардың барлығы мердігердің өз қаражатынан жасалып жатыр.

10 жылға ұласқан уәденің биыл да орындалатын- орындалмайтыны  белгісіз.