Гонконгте «Connecting the world into the Future» («Әлемді болашаққа жалғау») тақырыбында II Халықаралық Жастарды дамыту саммиті өтті.
Халықаралық кездесудің мақсаты – жастар саясаты, технологиялық инновациялар, мәдениет және креативті индустрия саласында тәжірибе алмасу.
Саммитке Қазақстан, Сингапур, Жапония, Малайзия, Тайланд, Филиппин, Индонезия және басқа да шетелдік мемлекеттерден келген делегаттар қатысты. Іс-шараға 2 мыңнан астам адам жиналды.
Спикер ретінде жастар саясатына жауапты мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ бизнес көшбасшылары мен жастар ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі. Қазақстан атынан ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қатысты. Ол өз сөзінде Қазақстан-Қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, екі ел басшыларының өзара сапары ынтымақтастықты нығайтуға зор серпін бергенін айтты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар саясатына ерекше көңіл бөледі, өйткені елдің болашағы – жастардың қолында. Мемлекет басшысының жанында Жастар саясаты жөніндегі кеңес жемісті жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, жастардың Президенттік кадр резерві де бар. Бұл бастамалар жастардың көшбасшылық қабілеттерін көрсетуге, елдің дамуына үлес қосуына және мемлекеттік әрі қоғамдық басқаруда өз орнын табуға бағытталған», – деді Евгений Кочетов.
Сондай-ақ, Гонконгке сапар аясында қазақстандық делегация Гонконгтің Ішкі істер және жастар мәселелері жөніндегі хатшысымен екіжақты кездесу өткізді. Бұдан бөлек, Hong Kong Arts Development Council басшылығымен келіссөздер жүргізіліп, креативті индустрия саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.