$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Энергетика министрлері «Қамбар-Ата ГЭС-1» жобасын жүзеге асырудың келесі қадамдарын талқылады

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Энергетика министрлері «Қамбар-Ата ГЭС-1» жобасын жүзеге асырудың келесі қадамдарын талқылады

Брюссельде Орталық Азияның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және су ресурстарын өзара тиімді пайдалану мақсатындағы маңызды аймақтық бастама – Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасын дайындау мәселелері жөнінде министрлердің үшінші дөңгелек үстелі өтті.

Кездесуге ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев және Өзбекстанның Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, сондай-ақ үш елдің қаржы және су ресурстары салаларындағы уәкілетті органдарының өкілдері қатысты. Тараптар Қырғызстандағы Нарын өзенінде салынатын, қуаты 1860 МВт болатын Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасын іске асыру бойынша жоспарды талқылады. Жобаны үш ел Үкіметтері бірлесіп жүзеге асыруда.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Ташкентте, мамыр айында Дубайда өткен кездесулердің оң нәтижелері негізінде Брюссельде бас қосқан министрлер Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасы бойынша қол жеткізілген прогрестерге тоқталды. Бастапқы құжаттама бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жобасын, қоршаған орта мен әлеуметтік ортаға әсерін бағамдады.

Сонымен қатар, қазан–қараша айларында жергілікті, ұлттық және трансшекаралық деңгейде мүдделі тараптармен кеңестер өткізу жоспары сөз болды. Жиында жобаны үш елдің бірлесіп іске асыру тетіктері, қаржылық қажеттіліктер және халықаралық қаржы институттары мен даму серіктестерінен қосымша қаржы тарту мүмкіндіктері де қарастырылды.
Үшжақты кездесуде тараптар жобаны дайындау және жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-қимылдар мен нақты мерзімдер жөнінде келісімге келді.

Дөңгелек үстел шеңберінде Қазақстан делегациясы жобаның донорлар комитетіне мүше бірқатар халықаралық қаржы ұйымдарымен екіжақты кездесулер өткізді. Онда Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасын қаржыландыру шарттары мен мүмкіндіктері талқыланды. Нақты айтқанда, делегация Еуропалық кеңес, Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Азия даму банкі, OPEC қоры және басқа да ұйым өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Айта кетейік, дөңгелек үстел Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасын әзірлеу бойынша техникалық қолдау көрсетіп отырған Дүниежүзілік банктің ұйымдастыруымен өтті.

Алдыңғы жаңалық