$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстандық альпинист 8163 метр биіктікте көк байрақты желбіретті

28.09.2025ж. 09:29
Қазақстандық альпинист 8163 метр биіктікте көк байрақты желбіретті

Қазақстандық альпинист әрі саяхатшы Ғалымжан Құспанов Гималайдағы биіктігі 8163 метр болатын Манаслу шыңын бағындырды. Әлемдегі аса қауіпті әрі қиын шыңдардың біріне шыққан спортшы сол жерде Мемлекеттік Туды және «AMANAT» партиясының туын желбіретті.

Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ту мен мемлекеттік өзге де атрибуттар символикасы ел егемендігін бейнелейді. Сондай-ақ бабалар аманатына адалдық танытып, көздің қарашығындай қорғап, болашақ ұрпаққа табыстаудың мәні мен маңызын еске салады. Сол себепті Ғалымжан Құспанов әр сапарында Қазақстанның туын өзімен бірге алып жүруді дәстүрге айналдырған.

«Әрбір шыңды бағындыру – адам мүмкіндігінің шегін сынау. Сегіз мыңдықта әр қадам, әр тыныс – өмір мен өлімнің арасындағы сынақ. Дәл сол сәтте көк байрағымызды қолыңа ұстап тұрғанда, бұл тек жеке жеңіс емес екенін, бұл – бүкіл елдің мақтанышы, Қазақстанның әлем алдында кезекті рет абыройы асқақтаған сәт. Ол – бірлігіміздің және жаңа биіктерге ұмтылысымыздың айғағы», – деді альпинист.

Манаслу шыңы – Жер шарындағы ең қауіпті нүктелердің бірі. Ондағы беткейлер мен қар көшкіні қатері спортшылардан ерекше дайындық пен төзімділікті талап етеді. Осындай шыңды бағындырған Ғалымжан Құспанов мүдделес топ мүшелерімен бірге Қазақстанның атын халықаралық альпинизм тарихындағы айтулы жетістіктер қатарына енгізді. Бұл экспедицияны 18272 әскери бөлімінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Аманжол Рахметов бастап барды. Олардың бұл ерлігі Қазақстан да, оның азаматтары да кез келген биіктікті – асқақ тау шыңдарында да, өмірдің сан қилы сынақтарында да бағындыра алатынын тағы бір мәрте айқын дәлелдеді.