«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында 7 айда екі мыңнан астам азамат баспаналы болды, деп хабарлайды Astana TV.
Өтінімдер жыл соңына дейін қабылданады.
Бағдарлама өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласында еңбек ететін мамандарға арналған. Астана мен Алматыда 36 миллион, өңірлерде 30 миллион теңгеге дейінгі үйлерді сатып алуға мүмкіндік бар.
Несие әлеуметтік осал топтарға – 7%, өзгелерге – 9%. Дайын пәтерге алғашқы жарна – 10%, әрленбеген баспана мен жер үй үшін – 20%.
Өтінім тек «Отбасы банк» бөлімшелерінде қабылданады. Үкімет бөлген 72 миллиард теңге есебінен жыл соңына дейін 2,5 мыңға жуық маман үйлі болады деп жоспарланған.