$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Реал Мадридке» қарсы құпия жоспарымыз бар – «Қайрат» бапкері

29.09.2025ж. 14:34
«Реал Мадридке» қарсы құпия жоспарымыз бар – «Қайрат» бапкері

 УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында 30 қыркүйек күні Орталық стадионда «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын өтеді.
«Реал Мадрид» бүгін Алматыға толық құрамда келді. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин өз командасы үшін бұл ойында тұрақты ойнау маңызды екенін атап өтті.

- «Реал Мадрид» секілді клубта кемшіліктер аз. Бірақ олардың ойынын талдай отырып, кей осал тұстарын таптық. Бірақ оны қалай пайдаланамыз — ол бізге сұрақ. Қазір сіздерге оны нақты айта алмаймын, бұл құпия, ертең бәрін өздеріңіз көресіздер. Егер қолымыздан келсе, онда дұрыс пайдаланғанымыз. Бірақ қарсылас — мықты команда, біз мұны жақсы түсінеміз және қиын болатынын білеміз. Дегенмен, көріп-білгенімізді қолдануға тырысамыз, - деді ол.

Сондай-ақ Рафаэль Уразбахтин алдағы ойында жанкүйерлердің жалынды қолдауын күтетінін айтты.

- Барлық жақсы нәтижелеріміз — біздің жанкүйерлерге де байланысты. Олар бізге ел біріншілігінде және Чемпиондар лигасында өткен матчтарда көп көмектесті, біз мұны жақсы түсінеміз. Ертең де қолдау күтеміз, - деді бапкер.

«Қайрат» қорғаушысы Егор Сорокин командалық жұмыс пен тәртіптің арқасында нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтты.

- Себебі тәртіп — шеберлікті жеңеді. Біз өз мүмкіндіктерімізді пайдаланамыз. Сонымен қатар біздің қару стандартты жағдайлар болады. Сол әрекеттердің арқасында оң нәтижеге қол жеткізе аламыз және сол үшін бар күшімізді саламыз, - деп ойыншы.

Бұл туралы KAZINFORM жазды.