$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған",- Президент

"Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған",- Президент

Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президентінің ресми сапары аясында айтты. Бүгінде Италия Қазақстан экономикасына инвестиция құйған елдердің топ бестігіне кіреді.Тараптар ынтымақтастықты арттыруға ниетті. Басқосуда қандай мәселелер талқыланды? Толығырақ алдағы сюжетте.

Бұл - Италия Президенті Серджо Маттарелланың Қазақстанға  алғашқы ресми сапары. Мәртебелі мейманды Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Ең алдымен Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалды. Содан соң екі ел лидері келіссөздер жүргізді. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Серджо Маттарелланың Қазақстанға сапары екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен бұрыннан келе жатқан серіктестікті растайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент мырза, Сізді мәртебелі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда.

Ал Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырудың маңызына тоқталды.

СЕРДЖО МАТТАРЕЛЛА, ИТАЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жасаған сапарыңыздан кейін Астанада кездескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өткендей, елдеріміз арасындағы қарым-қатынас ұдайы нығайып, тығыз әрі табысты сипат алды. Екі елдің сауда-экономикалық, мәдени салалардағы ынтымақтастығы жылдан жылға ілгерілеуде. Университеттер арасында серіктестік жолға қойылғанын көріп отырмыз. Достық көңіліңізге алғыс айтамын.

Бұдан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелланың келіссөзі екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр.

Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді. Осы орайда Қазақстан Президенті Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, мұны қос мемлекеттің берік достығының символы ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Италия Қазақстанда мәдени орталығын ашады.

СЕРДЖО МАТТАРЕЛЛА, ИТАЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мәдени тұрғыда университеттер, жалпы білім саласында нақты ынтымақтастығымыз бар. Италия Астанада өзінің мәдени орталығын ашады. Шын мәнінде бұл Орталық Азия өңіріндегі мұндай алғашқы мәдени орталық болмақ. Осы орайда бізге қолдау білдіргеніңіз үшін ришалығымды білдіремін.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан және Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін Президент Серджо Маттареллаға І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде табыстады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіз еліңіздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңіріп келесіз. Бүгінде Италия барлық салада толайым табысқа жетті. Әлемдік көшбасшылар қатарына кіретін мемлекеттің бірі. Еліңізде экономика, инновациялық технология саласында тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Экология, «жасыл» энергетика бағытында озық бастамаларыңыз бар.

Өз кезегінде Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғарғы наградасы – «Италия Республикасына сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды.

СЕРДЖО МАТТАРЕЛЛА, ИТАЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміздің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі. Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ұдайы атсалысып келе жатқаныңыз үшін ризашылық білдіреміз.

Басқосуда тараптар ынтымақтастықты тереңдетудің перспективті бағыттарын айқындады. Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін қайта өңдеу, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларына баса мән берілді.