Тобыл өңірінің тұрғындары табиғаттың тосын мінезіне тап болды. Қалың қардан қалада ағаштар құлап, көліктерді басып қалды. Тағы ондаған көлік жүргізушісі тайғақ жолда тізгінге ие бола алмай, сайға түсіп кеткен. Өңірдегі ахуалды тілшіміз Заңғар Санай жеткізеді.
ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:
Метеомамандар мұндай ауа райының соңғы 25 жылда болмағанын айтады. Яғни ширек ғасыр шеңберінде қыркүйекте қар жаумаған. Жаңбырдан кейінгі қалың қар көлік жүргізушілерін әбігерге салды.
Облыс көлемінде оннан астам жеңіл көлік жолдан тайып, жиекке түскен. Полицейлер профилактикалық жұмысты күшейтті.
МАРАТ НҰРЫМБЕТОВ, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ РОТА КОМАНДИРІ:
12 жол көлік оқиғасы тіркелді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ, тек материалдық шығын келтірілді. Жол көлік оқиғаларының басты себептері қашықтықты сақтамау, жылдамдықты арттыру және маневр жасау кезіндегі қателіктер.
Қатты жел, қалың қар қаладағы қайың теректі құлатты.Оннан астам көлікті ағаш басып қалды. Электр желілеріне да зақым келіп, бірнеше шағын аудан жарықсыз отырды.Арктикалық циклон апта ортасына дейін сақталады.
АНТОНИНА ШИБАРШИНА, МЕТЕОБОЛЖАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Соңғы 25 жылда яғни 2000 жылдан бері қыркүйекте қар жаумаған.Әрине бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Тіпті мұндай қалың қардың қыркүйекте түскеніне таңғалып отырмыз.
Қардың қалыңдығы шамамен 8-10 сантиметр. Ертең күндіз ери бастайды дейді синоптиктер.
ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:
Бірақ аптаның ортасына дейін түнде нөлден төмен температура болады.Күн келесі жетіде ғана жылынады. Осы мизамшуақ мерзімде қырмандағы шаруалар қыруар жұмысын бітіріп алу керек.