$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жанкүйерлер «Реал Мадрид» жайғасқан қонақүйді қоршап алды

29.09.2025ж. 19:00
Жанкүйерлер «Реал Мадрид» жайғасқан қонақүйді қоршап алды

«Реал Мадрид»-тің жұлдызды құрамы Алматыға табан тіреді. Ойыншылар мінген ұшақ жеті сағат әуеде болып, жеті мың шақырымды артқа қалдырды. Түн жарымына қарамастан футболшылардың жолын тосып, көшені толтырған жанкүйер саны мыңнан асты.

Корольдік клуб Алматыға келеді деген сәттен бастап, күн санап, тағатсыз күткен реалфандар кеше түнде кумирлерін құшақ жая қарсы алды. Аяқдопшылар алыс жолдан шаршағанына қарамастан, жанкүйерлердің көңілін қалдырмай, қолтаңба берді. Алдынан жүгіріп шыққан балақайлардың да бетін қақпады. Ойыншылар «InterContinental» қонақ үйіне тұрақтады. «Олар демалыс орнын толығымен жалға алды» деген деректер де бар. Қазір мұнда команда мүшелерін күтіп, торуылдап жүрген фанаттардың қарасы көп.

БЛИЦ:

- Екі сағат болды тұрғанымызға Реал мадридті күтіп достарымызбен бірге. Тағы да екі сағат күте алам. Кеше түнде бірінші рет өмірімде атақты жұлдыздарды көрдім.

- Беллингем, Мбаппені көргім келеді. Бірақ шықпайды деп ойлаймын. Күткеніме жарты сағат болған шығар.

- Ертең бәрібір стадионнан көре алмаймыз. Билет ала алмадық. Ертең телевизордан көреміз, бүгін живой көріп қалсақ болды.

Чемпиондар лигасын тамашалауға шетелден мыңдаған жанкүйер келді. Туристер Алматыда орта есеппен 3-5 күн аралығында болады деп есептесек, олар тәулігіне 441 доллар жұмсайды. Сондықтан оңтүстік мегаполистегі бірнеше қонақ үй мен пәтерді жалға берушілердің айы оңынан туып тұр.

НҰРТАС КӘРІПБАЕВ, ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ ТУРИЗМ ИНДУСТРИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жалпы квота бойынша бізге 4 мыңнан аса шетелдік турист келеді. 4 мыңнан астам туристер келетін болса, енді бір 2-3 миллиардтың соммасында қаражат болады, түседі.

Жанкүйерлердің жеңімпазға қатысты пікірлері екіге бөлінді. Бірі «Реал Мадридті жеңу мүмкін емес» десе, енді бірі «Қайрат та есе жібермейді» деп бәсекелесті. Ал сарапшылар «Қайрат командасының танымал Реал Мадридті өз алаңында қабылдап, текетіреске түсуінің өзі – ұмытылмас тәжірибе»-дейді.

ӘЛІМЖАН АСҚАР, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ МЕДИА-ОФИЦЕРІ:

Қайрат та бір ерлей алады деген сенімдеміз. Ешқандай мүмкіндік жоқ, 0 пайыз деп айту қиын. Дегенмен, Реалға қарсы матч өткізудің өзі бұл – үлкен мәртебе. Әрі қарай қандай нәтиже тіркелсе де біз қабылдаймыз.

Маңызды матчтың басталуына бар-жоғы бір-ақ күн қалды.