УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында 30 қыркүйек күні Орталық стадионда «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын өтеді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Орталық стадион испаниялық команданы қабылдауға дайын: алаң халықаралық стандарттарға сай, жарық беру жүйесі мен инфрақұрылым тексерілді. Төрешілер мен ойыншыларға барлық жағдай жасалған, киім ауыстыратын бөлмелер жабдықталып, спортшылардың жайлылығы үшін қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.
- Стадионның ішкі безендірілуіне ерекше көңіл бөлінді: трибуналар жаңартылды, стадион сәулетіне сай жаңа көркем суреттер жасалды. Көрермендерге ыңғайлы болу үшін 1,5 мыңнан астам орындық ауыстырылды, санитарлық тораптар жаңартылып, қосымша 60 биодәретхана орнатылды, - деп хабарлады әкімдіктен.
Одан бөлек бақылау-өткізу бекеттеріне металл детекторлар мен қол сканерлері қойылды. Стадион аумағында жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру бригадалары кезекшілік етеді, эвакуация жоспарлары мен дабыл беру жүйесі тексерілді.
Матч аяқталған соң жанкүйерлердің үйлеріне жайлы жетуі үшін 60 автобус ұйымдастырылады. Олар Абай, Сәтбаев және Байтұрсынұлы көшелерімен қозғалып, 6 бағытта қатынайды:
* Орталық стадион – «Алматы Арена» – батыс бағыты;
* Орталық стадион – Райымбек/Алатау – батыс бағыты;
* Орталық стадион – Алматы-1 теміржол вокзалы;
* Орталық стадион – «Орбита» шағын ауданы;
* Орталық стадион – «Жұлдыз» шағын ауданы – шығыс бағыты;
* Орталық стадион – Әуежай – шығыс бағыты.