$541.34 €640.73 ₽6.53
×

6,2 млн гектар қайтарылған жер ұқыпты игерушілерге берілді

6,2 млн гектар қайтарылған жер ұқыпты игерушілерге берілді

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын, атап айтқанда, тиімсіз пайдаланылып келген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, оларды адал жер пайдаланушыларға қайта бөлу және ауыл шаруашылығы алқаптарын басқару үдерістерін толық цифрландыру жұмыстарын жүйелі түрде орындауды жалғастыруда, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

2022 жылдан бастап нысаналы мақсатта пайдаланылмаған немесе заң бұзушылықпен берілген 13,7 млн гектар (га) ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 6,2 млн га жаңадан тиімді жер пайдаланушыларға бөлініп беріліп, олар жер телімдерін игеріп, ауыл шаруашылығы айналымына қоса бастады. Қалған 7,5 млн га жерді бөлу жұмыстары дайындық кезеңінде. Бұл ретте жергілікті қауымдастықтардың, шаруалардың және инвесторлардың қажеттіліктеріне баса көңіл бөлінген.

Жыл басынан бері Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері 2,1 млн га аумақта жоспардан тыс 1 497 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1,6 млн га жер бойынша 1 112 нұсқама берілді, 357,9 мың га жер игерілуде, ал 44,9 мың га жерді мәжбүрлеп қайтару істері сотта қаралуда. 2025 жылы қайтарылуға тиіс 2 млн га жердің 1,67 млн гектары қазірдің өзінде мемлекет меншігіне қайтарылды.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, келесі жылдың ортасына дейін барлық қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері өндіріске енгізіліп, инвестициялық айналымға тартылып, жаңа жұмыс орындарын құруға пайдаланылуға тиіс. Бұл жергілікті халықтың жайылым тапшылығын азайтуға да ықпал етеді.

Бұл орайда Министрлік жерді қайта бөлу жоспарын әзірлеп, өңірлерге жолдады. Оның басты басымдығы – ауыл тұрғындарының жайылымдық жерге деген сұранысын қанағаттандыру. Жер саясатының басым бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы жерлерін беру, мониторинг жүргізу және пайдалануды бақылаудың барлық кезеңдерін цифрлық форматқа көшіру. Осыған байланысты Жер кодексіне ауыл шаруашылығы жерлерін тек электронды форматта беруді қарастыратын өзгерістер енгізу бастамасы көтерілді. Басым бағыттардың қатарында, жеңімпазды анықтау процесінен жер комиссиясын алып тастау, адами факторды жою, автоматты түрде балл есептелетін ашық конкурс механизмін енгізу, конкурстарды өткізу мерзімін екі есеге қысқарту сияқты өзгерістерді атап өтуге болады.

Сонымен қатар «Мемлекеттік жер кадастры деректерін қалыптастыру» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы жерлерінің бірыңғай ашық цифрлық картасын жасау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 197,937 млн га жер учаскесі цифрландырылып, ашық түрде қолжетімді етілді. Жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде жер пайдаланушылар жер учаскелерінің мәртебесі, иесі, нысаналы мақсаты және пайдалану тарихы туралы толық ақпаратқа онлайн режимде еркін қол жеткізе алады.

Атқарылып жатқан шаралар – Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді орындауға бағытталған межелі жұмыстардың бір бөлігі. Нақтылап айтқанда, бұл – жасанды интеллект қолдану арқылы спутниктік мониторинг тиімділігін арттыру, жер ресурстарын әділ бөлу, жерді мақсатты пайдаланушыларды қолдау және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау.