28–29 қыркүйек күндері Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қазақ күресінен республикалық «Әскери барыс» турниріне қатысты.
Жарысты Қазақстан Республикасының Армия орталық спорт клубы ұйымдастырды. 90 келіден жоғары бір ғана салмақ дәрежесінде еліміздің әртүрлі әскери бөлімдерінен келген 20 команданың құрамындағы 44-тен астам спортшы өзара бақ сынады.
Қызу тартыстың қорытындысы бойынша Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау взводының аға сарбазы ефрейтор Жандос Сейтенов жоғары деңгейдегі дайындығы мен қайсарлығын көрсетіп, қола жүлдеге ие болды.
Бұдан бөлек, Қостанай қаласында Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтті.
Бұл жарыста да Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің аға сержанты Бекзат Алтынбаев үшінші орынды иеленіп, ұландықтардың жоғары спорттық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Құқық тәртібі әскерлерінің мұндай спорттық сайыстарға қатысуы жеке құрамның жауынгерлік рухы мен дене төзімділігін нығайтып қана қоймай, жастар мен әскери қызметшілер арасында ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ықпал етеді.