$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Ыстыққа қарамастан, мол өнім жинадық»: Жамбыл облысының шаруаларын вегетация кезеңінде сумен қамту үшін 1 млрд текше метрден астам су алынды

«Ыстыққа қарамастан, мол өнім жинадық»: Жамбыл облысының шаруаларын вегетация кезеңінде сумен қамту үшін 1 млрд текше метрден астам су алынды

Вегетация кезеңінде «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы өңірдің шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету үшін 1,024 млрд текше метр су алды. Облыстың шаруаларымен су беру бойынша жалпы саны 3 903 келісімшарт жасалған. Бүгінгі таңда 78,3 мың гектар егіс алқабы суарылды.

Келісімшарттарға сәйкес, өңірде негізінен көпжылдық шөптер, көкөністер мен жүгері өсіріледі.

Жамбыл облысының диқандары өнімге риза екендерін айтып, каналдар арқылы тұрақты түрде су жеткізген Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғыстарын білдірді.
 

«15 жылдан бері картоп өсіріп келеміз. Бұрын 5 гектар егіп жүрсек, биыл 7 гектарға дейін ұлғайттық. Өнім жаман емес – гектарына 250-300 центнерден алып жатырмыз. Биыл құрғақшылық болғанымен, өніміміз мол шықты. Бұл ең алдымен дер кезінде су жеткізіп берген «Қазсушар» ұжымының еңбегі. Қажет болған сәтте суымызды уақытылы беріп отырды, ешқандай проблема болған жоқ. Министрлік құрылғаннан бері жағдай тіпті жақсарып кетті. Су ұрланбайды, уақытында келеді»,


– дейді «Көктөбе» шаруа қожалығының басшысы Алтынбек Саяхов.
 

«15 жылдан бері осы жерде егін егіп, жыл сайын мол өнім алып келеміз. Былтыр 5 гектар жерге картоп отырғызып, жақсы өнім жинадық. Биыл да жақсы сұрыптағы қызыл картопты 7-8 гектар жерге ектік. Өнім былтырғымен салыстырғанда екі есе артық шықты. Осы ретте Ақсай өндірістік бөлімшесіне шын жүректен ризамыз. Биыл құрғақшылық болды. Соған қарамастан, Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауының арқасында алқаптарымызға дер кезінде су жеткізіліп отырды»,


– деді «Көктөбе» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытгүл Қадирова.