«Еліміз бүгінде Еуразиядағы басты транзит хабының біріне айналды». «Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосқан Мемлекет басшысы осылай деді. Жаңа жол жүк тасымалының көлемін бес есе, яғни, 100 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экспорттық тауарларды жеткізу уақытын қысқартып, транзиттік әлеуетті күшейте түседі.
Бұл - тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі теміржол жобасы. Ұлы Жібек жолының жалғасы саналатын бұл жолды көлік-логистика саласындағы серпіліс деп бағалауға болады. Оның ел экономикасына тигізер пайдасы орасан. «Достық-Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосқан Мемлекет басшысы бұл сектордың мән маңызына айрықша тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен халыққа Жолдауымда, көлік-логистика саласы – экономиканың қозғаушы күші, халықаралық байланысты нығайтатын негізгі фактордың бірі деп атап өттім. Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті зор.
Жоба жоспардан екі жыл бұрын аяқталмақ. Оның ел игілігіне берілуі үшін жұмысшылар 3 жылға жуық уақыт бойы күні-түні табанды еңбек етті. Енді жаңа жол жүк тасымалын бес есе арттыруға, экспорттық тауарларды жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осындай белсенді жұмыстың арқасында теміржол мерзімінен бұрын іске қосылмақ. Мұны, шын мәнінде, тарихи сәт деуге болады. Бұл – баршаңызға ортақ қажырлы еңбектің жемісі. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Зор ризашылығымды білдіремін.
Қазақстан – төрт тараптың тоғысқан тұсы. Солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап тұр. Бүгінде еліміз арқылы әлемнің ірі сауда нарықтарына апаратын бес бірдей теміржол дәлізі өтеді. Экономиканың күре тамырына айналған саланы дамытуға айтарлықтай көңіл бөлінуде. Соңғы он жылда аталған секторға 35 миллиард доллар инвестиция тартылды. Мемлекет басшысы Жолдауда бірқатар жобаны уақытылы жүзеге асыруды жауаптыларға жүктеді. Алдағы уақытта 5 мың шақырым теміржол салу жоспарда бар. Сондай-ақ, 11 мың шақырым жол жөнделеді. Яғни, рельс жаңарып, бағдар кеңейеді. Бұл -тек қатынас құралы емес, даму дәлізіне айналады деген сөз.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мұның бәрі Еуропа пен Азияның арасын жалғап, Транс-Қазақстан теміржол бағытының, яғни Орта дәліздің қарқынды дамуына ықпал етеді. Жалпы, бәсекеге қабілетті ел болу үшін экономикамыздың мейлінше қуатты болуына баса назар аударуымыз керек. Бұл ретте, көлік-логистика саласының орны бөлек. Сондықтан Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру негізгі басымдықтың бірі болып қала бермек.
Ұзындығы 836 шақырым болатын магистральды салуға 1 жарым млн-нан астам шпал, 114 мың тонна рельс қолданылды. Одан бөлек, 260-тан астам ғимарат, 90-нан астам көпір, 300-ге жуық жасанды құрылыс объектісі салынды.
ТАЛҒАТ АЛДЫБЕРГЕНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Құрылыс кезінде отандық компаниялар үлкен тәжірибе жинады. "Қазақстан темір жолы" АҚ осы жолдың, еліміздің транспорт перспективасын арттыруға дайын.
Осыдан 35 жыл бұрын "Достық - Алашаңқай" жобасы іске қосылды. Осылайша, Қазақстан мен Қытайдың теміржолы тоғысты. Бүгінде Достық станция ғана емес, маңызды стратегиялық кешенге, Еуропа мен Азияны жалғайтын бекетке айналды. Құрлықтағы сауданы дамытудағы рөлі ерекше.
ҚАЛТАЙ СӘМБЕТОВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ», ТЕМІР ЖОЛ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Біз ардагерлер болат жолдың негізін қалап, сол бағыттағы білім мен мол тәжірибені кейінгі буынға бердік. Бүгінде біз Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ірі жобалардың бірі "Достық-Мойынты" учаскесінің 836 шақырымының екінші құрылысының аяқталуына куә болып тұрмыз. Ол үлкен қуаныш, біз үшін өте жоғары мәртебе.
Президент бұл саланың болашағы тек жолда емес, жаңаруда екенін атап өтті. Алдағы уақытта секторға цифрландыру, жасанды интеллект енгізіледі. Алда әлі атқарылар шаруа көп. Сондықтан Мемлекет басшысы әр жобаны дер кезінде, нақты мерзіммен іске асырудың маңызды екенін қадап айтты.